Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Қазақы ою-өрнекпен безендірілген алып киіз үй жасалды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2019 жылдың 31 тамыз 2019 12:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет елде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Әлемдегі ең үлкен қазақ киіз үйі Құлжа қаласында бой көтерді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)




Құлжа қаласындағы «Орталық Азия қақпасы» аталатын этнопарктың орталық алаңына қазақы ою-өрнекпен безендірілген алып киіз үй тігілді, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.




Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, ҚХР-дың Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында бой көтерген алып киіз үй өзінің көлемімен қатар, қазақтың қол өнер мәдениетін әйгілейтін жасау-жабдықтарымен де жұртты тамсандыруда. Көрген адамның көзін арбайтын ерекше киіз үй «Іле жібек жолы шұғыласы» ЖШС-ның қаржыландыруымен жасалған. Ал ондағы ұлттық қолөнер жабдықтарын «Іле тасбұлақ ұлттық киімдер» кәсіпорны дайындаған.




«Қазақ халқы хан, сұлтандарға арналған ат үстінен шаңырақ көтеріп, уық шаншып тігетін, 30 қанатты киіз үйді «Алтын орда» деп атайды. Ал Құлжа қаласындағы этнопарктың орталық алаңына тігілген киіз үй - биіктігі 10,2 метр, ішкі радиусы 20 метр, аумағы 350 шаршы метр болатын – зәулім орда. Алып киіз үйдің қаңқасы болат шыбықтан тұрғызылғаннан кейін, үйдің сыртқы туырлық, үзік, түңілігіне дейін қолмен басылған киізбен жабылған. Сонымен бірге үйдің ішкі баулары, басқұры, ораулы шиі сияқты барлық жабдықтары түгел қолөнер бұйымдарымен толығып қазақтың нағыз дәстүрлі киіз үй мәдениетінің музейін қалыптастырған. Бұл ерекше мәдени нысан ашылғаннан кейінгі аз уақыттардың ішінде даңқы алысқа тарап, Іле жеріне аяқ басқан туристердің асығып жететін, қызыға тамашалайтын орнына айналған», - деп жазады CNR.
















Қазақстанда Азия қаламгерлерінің форумы өтеді - «Фарс» ақпарат агенттігі




Қазақстанның Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Азия қаламгерлерінің I форумын өткізеді, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

«Бұл форумды өткізудегі мақсат Азия елдері арасында әдеби-мәдени қарым-қатынасты нығайту, Қазақстаның әдебиеті мен рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерісті дамыту үшін Азия елдерімен тәжірибе алмасу болып табылады. Форумға Азиядағы 44 елдің халықаралық және отандық сыйлықтарға ие 100-ден аса ақын-жазушысы, Жазушылар одақтары мен қауымдастықтардың төрағалары қатысады», - деп жазады parstoday.

Семейдегі алғашқы атомдық сынақ жарылысына 70 жыл болды - TRT




Қазақстанның шығысы Семей облысында жасалған алғашқы атомдық сынақ жарылысына 70 жыл болды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Кеңес Одағының атомдық сынақ алаңы болған Семей полигонында алғашқы атомдық бомба 1949 жылы 29 тамыз күні жарылған. 40 жылда Семей аймағында 456 атомдық жарылыс жасалды. Олардың күші Хиросимаға атылған бомбадан 2500 есе қуатты. Семей полигоны 42 жылдан соң, 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім Кеңес Одағы әлі ыдырамаған кезде Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың талпынысыммен жасалды. Аймақта атомдық сынақтардан туындаған радиацияның зияны әлі де байқалуда», - деп жазады TRT.

Дональд Трамптың ұлы Моңғолиядағы демалысынан алған әсерімен бөлісті - kaznews.mn




АҚШ Президентінің ұлы кіші Дональд Трамп Жуниор /Жр/ Моңғолияның батысында орналасқан Баян-Өлгей аймағына саяхаттап, 25 тамызда еліне қайтты, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Трамп Жуниор Моңғолияға келген бетте Баян-Өлгей аймағына ұшып, Бесбоғда тауындағы Хүйтэн шыңын бағындырып, ұлымен бірге әсем табиғатта балық аулап, ат мініп, көшпенділердің салт-дәстүрін тамашалаған.




Кейін Моңғолиядағы демалысынан алған әсерімен Instagram-дағы өз парақшасында бөліскен.

«Жігіттер, ұлым Доннимен бірге киіз үйде өткен өмірді де көрдік. Өткен аптада Моңғолияны зерттеуге шыққан едік. Ұзақ шақырымдарды атпен, кейін 4WD-мен басып өттік. Жуық арада әлі де фотоларды саламын. Шынында да, бұл – мен көрген ең көркем жерлердің бірі. Адамдардан жылылық пен мейірімділік есіп тұр. Осынау керемет тәжірибеден кейін әлеуметтік желіге қайтып келген біртүрлі екен», - деді Дональд Трамп Жуниор.




Montsame сайтының хабарлауынша, Ұланбатырдағы АҚШ елшілігі бұл, мемлекеттік маңыздағы сапар болмағандықтан, қосымша ақпараттан бейхабар екенін мәлімдеген.

Ал Моңғолия президенті Халтмагийн Баттулга Дональд Трамптың 13 жастағы ұлы Бэррон Трампқа тұлпар сыйлағаны туралы да шетелдік БАҚ көздері жарыса жазды.

Қытайлық қандасымыз тамақ ішпей 5 мың шақырым жаяу жүрді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)




Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан 5 мың шақырым шалғайда жатқан Шанхай қаласына жаяу аттанған Серік Зейнелұлы соңғы мәреге жеңіспен жетті, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Серік Зейнелұлы Тарбағатайдан Шанхайға дейінгі 5 мың шақырым аралықты тамақ ішпей, тек сумен ғана нәр алып жүріп өткен. Марафоншының тамақ ішпегенін дәлелдеу үшін бойына арнайы аппарат тағылып, камера орнатылған. Денсаулығын қадағалап отыру үшін інісі арнайы команда жасақтаған.

«Ол алғашқы 29 күнде 1019 километр жол жүріп, Әлемдік рекордтарды сертификациялау агенттігінің (World Record Certification Agency) «тамақ ішпей ең ұзақ жаяу жүрген спортшы» деген сертификатын еншіледі (Farthest distance walked while fasting). Мұнымен тоқтамаған Серік Зейнелұлы тамақ ішпестен тағы 4 мыңға жуық шақырымды артқа тастап, Шанхай қаласына жетеді. С. Зейнелұлы жас кезінде спортпен айналысқан. Қазір жеке кәсіпкер», - деп жазады CNR.










Қайсарлығымен әлемдік рекордты жаңартқан қандасымыз БАҚ-қа берген сұхбатында, қатаң талап қойып, өзін жеңе білген адамның алмайтын биігі жоқ екенін айтады.

«Мені қолдап қуаттаған барлықтарыңызға көп рахмет! Қазір менің денсаулығым ерекше жақсы. Алғаш сапарға аттанарда жергілікті мемлекеттік органдарға жоспарымызды айттық. Алайда, олар тамақ ішпей бұлай ұзақ жүру адам өміріне ерекше қауіпті екенін айтып, бізді қолдамаған еді. Әйтсе де, біз өз командамызды жасақтап, жолға аттанып кеттік. Басты мақсатым - адам баласының ерекше мүмкіндігін дәлелдеу, қатаң талап қойып, өзін жеңе білген адамның алмайтын биігі жоқ екенін бүкіл әлемге паш ету», - дейді спортшы.

ЮНЕСКО-ның бас директоры Бұхараға барды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Өзбекстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай он екінші мәрте өтіп жатқан Самарқандағы «Шығыс әуендері» музыкалық фестиваліне арнайы келген ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым, осы сапары аясында және бір тарихи қала Бұхараға барды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Бұхара қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген жалпыға ортақ құндылықтағы түрлі дәуірге тиісті 300-ден астам сәулет ескерткіші бар.

Атап өтілгендей, Бұхара ежелден діни толеранттылық қалыптасқан орта болып ұлықталып келеді. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселесі бойынша ұйым басшысы (ЮНЕСКО Бас директоры) Одрэ Азуле ханым Бұхарадағы көне Арк қаласына жасаған сапары аясында Исмоил Соманий кесенесі, Мирнораи Калон, Мир Араб медресесі мен Масжиди Калон жәдігерлерін өз ішіне алған Пойи Калон кешені мен Мырза Ұлықбек медресесін аралап, мұндағы қолөнершілердің жасаған туындыларымен кеңінен танысты.








Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: БАҚ, Әлем,
Жоғары қарай