Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазалыдағы көпшілік күткен көпірдің құрылысы сыр берді

2019 жылдың 22 ақпан 2019 19:07

ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданында жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын жаңа көпірдің бетон тіреуіштері әуелгі қалпынан жылжый бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ал бұған Сырдария өзенінің арғы бетіндегі 20 мыңға тарта тұрғын алаңдаулы. Тіпті құрылысы аяқсыз қала ма деген де қауіп бар.

Жалпы, «Әлсейіт» көпірі ауыл тұрғындарын аудан орталығымен байланыстыратын ең төте жол. Сондай-ақ, бұл көпір арқылы Арал ауданына қарасты бірнеше елді мекеннің халқы Қазалыға қатынап азық-түлігін, ас-суын алады. Әуелде мұның құрылысы басталғанда көпшілік ерекше қуанған еді. Қазіргі жағдайды естіген жұрттың көңілі күпті. Дегенмен жергілікті билік өкілдері нысанды белгіленген мерзім ішінде пайдалануға беріледі деп сендірді.

- Судың көп болып, мұздың жоғары деңгейде қатуына байланысты тіреуіштері отырған. Қазіргі таңда оны бұзып, қайтадан бетон тіреуіш дайындап жатыр. Жобаны жасаған кезде барлығы зерттелген. Қазір құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр,- деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, «Әлсейіт» көпірінің құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған болатын. Жоба бойынша нысанның тиісті жұмыстары маусым айында толық бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілуі тиіс еді.

Жоғары қарай