Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

«ҚазМұнайГаз» басшыларының айлығы қысқармақ

2020 жылдың 18 мамыр 2020 15:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржылық мәселелерге байланысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің жалақысы қысқармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамыр айында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма шешімімен орталық аппаратта жалақы төлеудің жаңа жүйесі бекітілді. Ол жүйе бойынша басшылық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды. Ал басшылық қызметтердің санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буынды менеджерлердің жалақылары 20 пайызға төмендейді. Басқа – қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі атқарушы директоры Дәулетжан Хасанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Дәулетжан Хасанов «ҚазМұнайГаз» компаниясы қаржылық жағдайға байланысты сыйақыдан бас тартқанын мәлім етті.

«Жыл соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонустар төленбейді. Мұнай нарығында қалыптасқан жағдай қаншалықты қиын болса да біз әрбір қызметкердің, олардың отбасының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін толық сезінеміз. Сондықтан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жауапкершілік бойынша бағдарлама әзірледік. Осы бағдарламаға сәйкес біз жұмыссыз қалған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетеміз», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Дәулетжан Хасанов компанияда дағдарысқа қарсы стратегия жасалып жатқанын мәлім еткен болатын.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Мұнай, Экономика,
Жоғары қарай