Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Kazsat спутниктері еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуде

2022 жылдың 28 сәуір 2022 11:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Kazsat» ұлттық спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бұл әсіресе Қазақстанда қаралы қаңтар күндерінде айқын көрінді.

Негізгі жүктеме бүгінде еліміздегі барлық телехабарлар жұмыс істейтін «Kazsat-3» геостационарлық телекоммуникациялық жерсерігіне түсті. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігіне берген қысқаша сұхбатында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) төрағасының орынбасары Шоқан Свогузов айтты.

Шоқан Ғалиханұлы, Қазақстанның барлық абоненттерін «Kazsat-3» спутнигіне көшіру қашан болды?

Бүгін РҒБО ұжымы үшін айтулы күн – осыдан тура 8 жыл бұрын, 2014 жылдың 28 сәуірінде орбитада сәтті жұмыс істеп жатқан Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық Kazsat-3 жерсерігі ұшырылды. Ғарыш кемесінің жеке орбиталық жиілік ресурсқа ие және 58,5 ° шығыс бойлық нүктесінде орналасқан. «Kazsat-3» пайдалануға берілгеннен кейін екі жыл өткен соң цифрлық және спутниктік телевидениенің ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ қазақстандықтарға сапалы жаңа теледидар ұсынды. Бұл жаңа қазақстандық «Kazsat-3» спутнигіне өтудің арқасында мүмкін болды. Бұған дейін «OTAU TV» спутниктік телевидениесі шетелдік жерсерігінен таратылған еді, қазақстандық жерсерікті таңдау патриоттық сезіммен ғана емес, экономикалық орындылығымен, және ең бастысы – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты болған.

– Мысал келтіре аласыз ба?

Қаңтар оқиғасы кезінде РҒБО басшылығы, Алматы және Ақмола облыстарындағы ғарыштық байланыс орталықтарындағы мамандарымыз oперативтік режимінде жұмыс істеді. Бүкіл елді спутниктік байланыспен үздіксіз қамтамасыз ету сияқты жауапты міндетімізге қоса, біз мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесе отырып, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қорғау үшін кез келген уақытта қажетті ден қою шараларын қабылдауға дайынбыз. Мәселе байланыс және телехабар тарату объектілері жайында болған. Осындай күрделі сәтте өзімізде спутниктік тобымыздың болуы ғана отандастарымызға елдегі жағдай туралы сенімді ақпарат жеткізуге, лаңкестердің телевизиялық эфирді басып алуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін ұлттық спутниктік байланыс жүйесі ғана қамтамасыз етеді. Оның сапалы қызмет көрсетуі және одан әрі дамуы Қазақстан үшін өте маңызды.




–«Kazsat» ұлттық ғарыш жүйесінің даму болашағы қандай?

Бүгінде Қазақстанның ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесінде екі спутник – «Kazsat-2» және «Kazsat-3 бар». 2021 жылы біздің мамандарымыз ғарыштық байланыс жүйесін (ҒБЖ) әзірлеушімен тығыз ынтымақтастықта техникалық аудит жүргізді. Соның нәтижесінде «Kazsat-2» спутнигінің болжамды қызмет ету мерзімі 2023 жылдан 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Ал «Kazsat-3» спутнигіне келер болсақ, анағұрлым қуатты, техникалық жабдықталған ғарыш кемесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бүгінде оның жүктемесі 79 пайызды құрайды. Үшінші қазақстандық байланыс спутнигінің қызмет түрлерін 12 байланыс операторы пайдалануда, оның 10 мыңнан астам станциясы бар. «Kazsat-3» жерсерігінің қызмет ету мерзімі 2029 жылы аяқталады. 2023 жылдан бастап біз «Kazsat 3R» ауыстыратын жерсерігін құруға кірісетініміз жоспарлануда. Бүгінгі күннің сын-қатерлері бізден отандық байланыс және хабар тарату жүйесін, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша дұрыс шешімдер қабылдауды талап етуде. Қазірдің өзінде ҚҒБО Орталық Азия елдеріндегі көршілерімізге ғарыштық байланыс қызметін ұсынуда.

-Сұхбатыңызға рахмет, Қазақстанның ғарыштық байланыс мамандарына жаңа табыс тілейміз!



Жоғары қарай