Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚазҰУ жер дауы: Бас прокуратура тың мәліметтер ұсынды

2021 жылдың 29 наурыз 2021 10:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер учаскесін бөлу заңдылығына қатысты тың мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Бас прокурорының міндетін атқарушы Берік Асыловтың дерегінше, 2012 жылдың 30 қаңтарында Алматы қаласы əкімдігінің қаулысымен университетке алаңы 73,26 гектар жер учаскесіне тұрақты пайдалану құқығы берілген.

Ал 2017 жылдың 2 қазанында қала əкімдігі аталған учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылдаған және жердің алаңы 1,8 гектарға азайтылған.

Учаскенің азайтылған бөлігінің 0,74 гектары «Omirex» ЖШС-ның, 0,56 гектары коммуналдық қызметтердің («Алматы Су» МКК, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ») жəне 0,52 гектары Ш.Мұстафаевтың қарамағына өткен.

Бас прокуратураның анықтама ретінде ұсынған мәліметтеріне сәйкес, Ш.Мұстафаевтың жер үлесі университеттің өндірістік үй-жайларын көпшілік сауда-саттықта сатып алу нəтижесінде пайда болған.

Ш.Мұстафаевқа тиесілі осы үй-жайды иеліктен шығарудың заңдылығы Алматы қаласының аумақтық мемлекеттік мүлік жəне жекешелендіру комитеті комиссиясының 1999 жылғы 12 қарашадағы қорытындысымен жəне Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен расталған.

«Алайда Алматы қаласының əкімдігі Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұза отырып, «Omirex» ЖШС жерлерін (екі учаске, жалпы алаңы - 0,74 гектар) сауда-саттықсыз жəне оларға университеттің жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген. Анықталған бұзушылықтарды құқықтық бағалау бойынша өкілеттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетіне жататынын ескере отырып, 2021 жылдың 19 наурызында Алматы қаласының прокуратурасы олардың мекенжайына тиісті тексеруді ұйымдастыру туралы хат жолдады», - деді Берік Асылов.

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовте аталған университет жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталғанын айтқан болатын.


Жоғары қарай