Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Кей науқастарда коронавирус белгілері болмаса да, өкпеде фиброз пайда болады - рентгенолог

2020 жылдың 24 мамыр 2020 18:48

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдай режимі алынып тасталғанымен, санитар дәрігерлер мен билік өкілдері тұрғындардан карантин шараларын сақтауын өтінеді. Себебі біз бұл вирусты толық жеңген жоқпыз. Сондықтан дәрігерлер маска киіп, қолды жуып, арақашықтық сақтау керектігін ескертеді. Қарағанды облысы бойынша ОДБ бас рентгенологы Мұхтар Әбілдин осы ережелерді елемегендер қандай зардапқа шалыну мүмкін екенін айтып берді.

Соңғы тәулікте Қарағанды облысында коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Бүгін аймақта 90 адамнан ауру табылды. Өкінішке қарай, вирустың таралуына осы аурудың барына сенбеу де ықпал етеді. Сол себепті көптеген адамдар санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді елемейді. Дегенмен, COVID-19 - біреу ойлап тапқан бос әңгіме емес. Біз Қарағанды облысы бойынша ОДБ бас рентгенологы, профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы МБ сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Мұхтар Әбілдинмен әңгімелескен едік. Ол бізге бұл аурудың қалай анықталатынын, ол адамның қандай органдарын зақымдайтынын және өзін-өзі емдеудің салдары немен қауіпті екенін айтып берді.

- Мұхтар Әбдешұлы, сіздің жұмысыңызға пандемия қалай әсер етті? Рентгенологтардың вирус жұқтырғандарды анықтаудағы міндеті қандай?

- Біздің Мақажанов атындағы көпсалалы клиникада коронавирустың асқынған түрімен келген «нөлдік» пациент болды. Өкінішке қарай, барлық емдеу шаралары оң нәтиже бермеді. Пациент қайтыс болды. Дәрігерлер үшін осы ауруға шалдыққан науқастың өлімі күш-жігерімізді жұмылдыру үшін және КВИ дертіне шалдыққандарды емдеу үшін өзіміздің барлық күшімізді, мүмкіндіктеріміз бен кәсібилігімізді осы індетті жеңуге бағыттау үшін елеулі түрткі болды.

Коронавирус инфекциясына ұқсас белгілері бар барлық пациентке диагностика жасау - менің міндетім. Компьютерлік томография көмегімен біз COVID-19-ға күдіктеніп келетін барлық пациентке мониторинг жүргізе бастадық. Соңғы халықаралық деректер бойынша, компьютер томографиясы - ПТР-талдауға қарағанда диагноз қоюдың 98%-ға дейін тиімді тәсілі.





- Коронавирус инфекциясы қалай пайда болады және адам ағзасына тигізер теріс әсері қандай?

- Біз коронавирус инфекциясына күдікті пациенттерге ғана емес, анықталған пациенттерге де күшейтілген мониторинг жүргізуді бастағанда олардың өкпесінде «күңгірт шыны» барын анықтадық. Өкпеде осы өршудің көпшілігі ошақтық сипатқа ие болады. Яғни, бұл - көлемі 1-3 см аралығындағы «күңгірт шыны» ошақтары. Өкпеде осы ошақтардың санына байланысты, аурудың күрделілігі де анықталады.

Сондай-ақ, одан да ауқымды өзгерістері бар пациенттерді көрдік. Біз оларды өкпесінде кең интерстициальді өзгерістері бар науқастар ретінде тіркедік. Ауру асқынған жағдайларда фиброздау белгілері (өкпе жасушаларының өлуі) бар екіжақты тотальды коронавирус пневмониясы болады. Бұл инфекцияның ең қауіпті ерекшелігі – кей жағдайларда ол мүлдем симптомсыз өтеді. Және бізді өкпеде белгілі бір ошақтар бола тұра емделушіде катаральды симптомдар (температура, жөтел, әлсіздік) пайда болмайтыны таңқалдырды. Адам тіпті бұл инфекцияны тасымалдаушы екенін білмей қалуы да мүмкін.

















- Адам бұл инфекцияны тасымалдаушы екенін білмеуімен қатар, бұл вирустың іс жүзінде бар екеніне сенбейтіндер де аз емес. Сізге рентген түсірілімі арқылы оны дәлелдеуге тура келген жайттар болды ма?

- Елімізде, оның ішінде біздің өңірде пандемия басталғаннан бері біз әріптестерімізбен тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, кеше біз бір тәулік ішінде 133 адамды компьютерлік томографпен тексердік және зерттеу жүргіздік. Әріптесім екеуіміз монитор алдында 24 сағаттан артық отырдық. Егер біз осы пациенттердің әрқайсысына олардың ауруы туралы дәлелдеп отырсақ, онда жұмыс істеуге күшіміз жетпес еді. Біз, дәрігерлер, барлық науқастардың өмірін емдеуге және күресуге ант бердік. Біз өмірімізді осыған арнаймыз. Дәрігердің науқасты алдауы надандық болып саналады. Менің әріптестерімнің арасында ауру ойлап табатын адамдар жоқ, әсіресе белгілі бір мақсаттарды қудалау үшін осындай қадамға баратын әріптестерім жоқ екеніне сенімдімін. Біз бұл патологияны шынымен көріп отырмыз. Және оның бар екенін адамдарға сөзбен дәлелдеудің еш мәні жоқ деп ойлаймын. Дәрігерлік парыз – науқасты емдеуге үгіттеу емес, оны емдеу екенін адамдар түсінуі тиіс.

- Осы вирустан сақтану жөнінде қандай кеңес бересіз?

- Бұл инфекциядан өзін қорғаудың ең тиімді тәсілі – гигиена және өзін-өзі оқшаулау. Тіпті вирусты инфекция кезінде де адамдар маска киюге және айналасындағыларға жұқтырмауға тырысады. Сол секілді коронавирус кезінде де біз өзімізді және айналамыздағыларды аурудың таралуынан сақтауымыз керек. Және симптомдар мен күдік пайда болған кезде дереу дәрігер шақыру керек. Себебі ерте анықталған кезде бұл ауруды емдеу жылдам және нәтижелі өтеді. Өкпеде пайда болған барлық ошақтар ертерек емдесе, тез жойылады. Егер адамдар өзін-өзі емдеумен айналысса немесе дәрігерге жүгінбесе, онда ауруға қосымша бактериялық флорлар қосылады және тиісінше ауырлық дәрежесі күшейе түседі. Мұндай жағдайда бұл пациенттің денсаулығы мен өмірі үшін күресу әлдеқайда қиынға соғады.


Жоғары қарай