Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

ҚХЛ: «Барыс» СКА командасынан жеңіліп қалды

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 00:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің СКА командасымен ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш ойын Санкт-Петербург қаласында өткізілді. Айта кетерлігі, армияшылар клубы бүгінгі күнге дейін өз айдынында «Барыс» командасынан бірде-бір мәрте жеңіліп көрген жоқ.

Екі команда турнир кестесінде де қатар тұр. Атап айтқанда, 50 ойыннан кейін СКА 69, «Барыс» 67 ұпай жинады.

Сондықтан бүгінгі кездесу тартысты өтті. Қос команда да шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Ойынның 3-минутында Иван Морозов СКА командасын алға шығарды. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Оны екеуі де тиімді пайдалана алған жоқ.

Екінші кезеңде «Барыстың» басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде 23-минутта елордалық хоккейші Кёртис Валк таразы басын теңестірді. Көп ұзамай СКА сапынан Василий Глотов мергендік танытып, қайтадан армияшылар клубы алға шықты.

Ал қазақстандық хоккейші 29 және 32-минуттарда Никита Михайлис қос голдың авторы атанды. Осылайша «Барыс» 3:2 есебімен алға шықты. Ойынның 34-минутында ресейлік Василий Подколзин таразы басын теңестірді.

Үшінші кезеңнің басында ресейлік клуб сапынан Наиль Якупов «Барыс» қақпасын дәл көздеді. Ал 42-минутта СКА хоккейшісі Йори Лехтеря есепті ұлғайтты. Ойынның 50-минутында елордалық хоккейші Корбэн Найт бір голдың авторы атанды.

Ресейлік клуб хоккейшісі Андрей Кузьменко 54-минутта «Барыс» қорғаушыларының қателігін шебер пайдаланып гол соғып кетті. Ал 55-минутта елордалық команда қақпасына белгіленген буллитті ресейлік Наиль Якупов мүлт жіберген жоқ. Ойында «Барыс» қарсыласына 4:7 есебімен жол берді.

Бұдан бұрын «Барыс» сырт айдында Финляндияның «Йокерит» командасынан басым түскен еді.

«Барыс» енді екі ойынды сырт айдында өткізеді. Алдымен 25 қаңтарда «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен кездессе, 27 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай