Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Киіктердің мал жайылымына әсері қандай – сарапшы пікірі

2021 жылдың 13 мамыр 2021 23:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде шаруалар тарапынан киіктер көбейіп, олар мал жайылатын жерлерді таптап кетті деген пікір айтылып жатқаны белгілі.

Осыған байланысты Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСА) қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко өз ой-толғамын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сергей Львовичтің сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстанда киік санының өскені рас.

«Бірақ киіктердің малмен өзара араласуы туралы нақты деректер жоқ. Сондықтан бұл жерде қандай да бір өтемақы жөнінде мәселе қозғауға ерте. Өйткені киіктердің саны көбейген кезде олардың жайылымдарға тигізген әсері туралы зерттеулер әлі жоқ», деді С.Скляренко.

Оның айтуынша, қазір ғалымдар арнайы ғылыми зерттеулерсіз киіктердің Орал популяциясы санының өсуіне байланысты жағдай бойынша нақты ештеңе айта алмайды, себебі объективті деректер жоқ. Қазіргі таңда киік санағы жүргізілуде, олардың нақты саны жөніндегі дәл деректер мамыр айының соңына қарай белгілі болады.

«Биыл Батыс Қазақстанда әзірге қуаңшылық байқалмайды. Дегенмен соңғы жылдары бұл аймақта мал жаю жүйесі өзгерді. Мысалы, Кеңес заманында малшылар жайылымдарды ауыстырып отыратын, қазір бұл жүйе бұзылған. Жайылымдар тиімсіз пайдаланылуда. Мал бір жерде шоғырланғандықтан, жер де тез азады. Қалыпты жайылым айналымы болмаған соң мал азығының тапшылығы да байқалады, әсіресе, қуаңшылық жылдары. Бұл мәселенің мәнісіне толық жету үшін арнайы ғылыми зерттеу жүргізу керек», - дейді ғалым.

«Киіктердің көбеюі ғана емес, мал жайылымы жүйесінің бұзылуы да жерге әсер етеді. Яғни себеп бірнеше. Сондықтан қандай да болсын шешімдер немесе ұсынымдар нақты жүргізілген зерттеулер негізінде қабылдануы тиіс. Мұндай зерттеуді, мысалы, алдағы жаз айларында жүргізуге болады. Қазіргі таңда, менің білуімше, «Охотзоопром» мекемесі киіктердің популяциясын басқару бағытында іс-шараларды жоспарлауда, түрлі тәсілдер қарастырылуда», деп қорытындылады Сергей Скляренко.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаппай қырылған 380-ге жуық киіктің анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ киіктердің неден қырылуы мүмкін екендігі туралы министрлік болжамы да жарияланды.


Жоғары қарай