Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қиындыққа тап болған елордалықтардың әлеуметтік картасы жасалып жатыр

2019 жылдың 17 шілде 2019 14:00 228

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды анықтау мақсатында әрбір тұрғынның әлеуметтік картасы жасалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әкімдік мәжілісінде айтты.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген міндеттердің қалай жүзеге асырылатынын қала активінің алдында баяндаған әкім елордалықтардың әлеуметтік картасын жасау жобасына тоқталды.

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды анықтау мақсатында 1 сәуірден бастап астананың әрбір тұрғынына әлеуметтік карта әзірленуде. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл аударуымыз қажет», - деді ол.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, 5 209 отбасыға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ретінде 944,8 млн теңге төленген.

«Мәселенің екінші жағы да бар. Президент масылдық сана оянып, азаматтардың жалған ажырасуы көбейгенін атап өтті. Бақтияр Мәкенұлы, осындай фактілердің алдын алу шараларын күшейту қажет. Атаулы әлеуметтік көмек шынымен де мұқтаж адамдарға берілуі керек», - деген шаһар басшысы жыл басынан бері қала аумағында 9 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. 

Сондай -ақ, жыл соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Жоғары қарай