Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қоғамдық бақылау: Шу аудандық ауруханасына 2 млн теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізіледі

2020 жылдың 13 шілде 2020 12:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қоғамдық бақылау» жобасының белсенділері Жамбыл облысының Шу аудандық ауруханасындағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мәселесін шешті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан жоба үйлестірушісі Лима Диасқа сілтеме жасап.

«Кеше бізге Құралай Батырғажина жүгініп, Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылындағы аудандық ауруханада дәрі-дәрмектердің жетпей жатқанын хабарлады. Біз жергілікті атқарушы органдарға сауал-хат жолдадық. Ал бүгін Шу ауданының әкімі Нұржан Календерев облыс әкімінің тапсырмасымен Шу аудандық ауруханасының жұмысын тексерді. Нұржан Календерев медициалық персоналмен сөйлесіп, ұсыныстар мен өтініштерді тыңдады, ауруханаға түскен адамдардың жағдайын талқылады», - деп жазды Лима Диас «Қоғамдық бақылау» ресми тобының Facebook парақшасында.

Оның хабарлауынша, қазіргі уақытта 150 адамға есептелген ауруханада 46 пациент ем алып жатыр. Алты науқас жансақтау бөліміне орналастырылған. Аудандық ауруханада 6 жасанды тыныс алу аппараты бар.

«Таяу арада аймақ басшысының қолдауымен тағы 5 жасанды тыныс алу аппараты жеткізіліде. Сондай-ақ демеушілердің есебінен 5 оттегі концентраты жеткізіледі. Медициналық мекемеде «Гепарин» препараты жетіспей жатқан болатын. Ол проблеманы денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармация» компаниясының филиалымен сәтті шешті. Аудандық ауруханаға 2 миллион теңгенің дәрі-дәрмек партиясы мен антибиотиктер, антикоагулянттары бүгін жеткізіледі», - дейді ол.

Айта кетерлігі 11 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханада емделіп жатқан науқастарға дәрі-дәрмек жетпей жатқаны туралы әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты жауап берген еді. Министр медициналық ұйымдардың жұмысын қадағалайтын халықтық бақылау құратынын айтқан.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі әрі министрлік тарапынан «Халықтық бақылау» жобасының үйлестірушісі Лима Диастың айтуынша, бақылау ең алдымен дәрігерлерге көмектесу үшін қолға алынған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен «Қоғамдық бақылау» акциясына «ҚазАқпарат» ХАА ақпараттық қолдау көрсетуде.


Жоғары қарай