Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетауда «Егемен Қазақстан» газеті оқырмандарының конференциясы өтті

2019 жылдың 26 қараша 2019 17:54

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына арналған «Егемен - Отанымыздың бас газеті» атты оқырмандар конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға қатысушылар үшін мемлекеттіліктің қалыптасуына қосқан үлесін сипаттайтын газет нөмірлерінен, кітаптардан көрме ұйымдастырылды.







Республиканың басты мерзімдік басылымын құттықтауға қоғам қайраткерлері, журналистика ардагерлері, ғылыми және шығармашылық қоғам өкілдері мен оқу орындарының студенттері келді.

Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова басылымның маңыздылығын және оның қазақ баспасөзін дамытудағы рөлін атап өтті.

«Егемен Қазақстан» газеті еліміздің басты басылымы. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуының жылнамасын жүргізіп келеді. Жылдар бойы газет талантты журналистердің үлкен шоғыры өткен кәсіпқойлық мектебі болып қала береді. Бір ғасыр бойы ел газетінің беттерінде елдің тарихы, елдіктің тарихы қалыптасты, соған киелі Көкше өңірі азаматтарының да қатысы бар екені – біз үшін мақтаныш. Бұған «Егемен Қазақстан» газетінің ардагерлері - Қорғанбек Аманжол, Бақберген Амалбек ағаларымыздың, беделді тілші Байқал Байәділдің еңбек жолы дәлел бола алады» - деді Айна Мысырәлімова.

Іс-шара барысында басылымның меншікті тілшілері Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Конференция қатысушылардың сөзімен жалғасты. Баяндамашылар Қазақстан оқырмандары үшін басылымның маңыздылығы туралы айтып өтті.

Тарихи дәуірдің қиын-қыстау сәтінде дүниеге келген баспа басылымы әрқашан республиканың қоғамдық, іскерлік және мәдени өмірінен тыс қалмады. Газет беттерінде нағыз репортаж және публицистика шеберлері, белгілі әдебиетшілер мен мемлекет қайраткерлерінің материалдары жарияланды.

Айта кетейік, газеттің 100 жылдық мерейтойы республика бойынша өтуде.







Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ақмола облысы, БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай