Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетауда құтқарушы мен өрт сөндіруші жаға жыртысты

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 21:54

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облыстық ТЖД бастығы Алексей Советов өрт сөндіру, апатты-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері арасында болған төбелес туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысының айтуынша, қыркүйектің 16-17 күндері аралығында түнде жұмыстан тыс уақытта өрт сөндіру, апатты-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері арасында тұрмыстық жанжал орын алған.

Осының салдарынан бір қызметкер ауруханаға түсіп, оған медициналық көмек қажет болған. Қазіргі кезде оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«ПД осы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін сотқа дейінгі тергеу барысы туралы мәліметтер жарияланбайды. ТЖД комиссия құрып, қызметтік тергеу жүргізіп жатыр», - дейді Алексей Советов.

Ведомство басшысы келеңсіз жағдай жұмыс уақытынан тыс, екеуара түсініспеушіліктен туындаған тұрмыстық жанжал деп отыр.

«Тергеу шаралары аяқталған соң кінәлілер қатаң тәртіптік жазамен шектеліп қалмайды, сонымен бірге, қылмыстық жазаға да тартылады. Өзге ақпарат анықталған соң кейін хабарланады» деп толықтырды Алексей Советов.


Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ақмола облысы, Оқиға, Заң,
Жоғары қарай