Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Көлеңкелі экономикамен күрес: Микроқаржы ұйымдары қосымша мәліметтерді ұсынуға міндеттелді

2020 жылдың 1 шілде 2020 08:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаз нарығына кәсіби қатысушыларды және микроқаржы ұйымдарын олардың кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы сақтау туралы мәліметтерді ұсынуын міндеттейтін қаулыны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында айтты.

«2017 жылы заңды тұлғалар арасындағы ең төмен есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен жоғары сомаға мәмілелер бойынша барлық есеп айырысу қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылуға тиіс деген заңнамалық талап енгізілді. 2020 жылғы сәуірде Ұлттық Банк пен Агенттік заңды тұлғалардың банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомаларының шекті мөлшерін белгілейтін қаулыны қабылдады. Қолма-қол ақшасыз айналымды кеңейту үшін 25 маусымда Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда жылжымайтын мүлікпен мәмілелер бойынша есеп айырысуды тек қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізу қажеттілігі туралы талап көзделген. Аталған шараларды іске асыру үшін агенттік банктер клиенттерінің қолма-қол ақшаны пайдалану бойынша белгіленген нормаларды сақтауына мониторинг жүргізеді», - деді агенттік басшысы.

М. Әбілқасымова сондай-ақ кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша заңнамаға сәйкес дербес деректерді идентификациялау және құжаттармен растау үшін банк бөлімшесінде клиенттің міндетті түрде болуы талап етілгенін хабарлады.

«Агенттік аталған талаптарды қайта қарады, клиенттерді қашықтан тексеру тәртібі жеңілдетілді. Енді азаматтар банк шотын банктердің бөлімшелеріне бармай, электрондық цифрлық қолтаңбаны, биометрия құралдарын немесе төлем карточкасының деректемелерін пайдалану арқылы аша алады. Бүгінгі күні 13 банк банк шотын қашықтан ашады, оларға жеке тұлғалардың банк шотының 99% жатады. Банктердің 90% қызметтерін интернет және мобильді банкинг арқылы көрсетеді. 2020 жылдың басында 30 млн астам төлем карточкасы айналымда. Соңғы 5 жылда онлайн транзакциялар саны 56 млн операциядан 992 млн операцияға дейін өсті, ал интернет-ресурстар мен мобильдік телефондарды пайдалану арқылы жасалған операциялар көлемі 2019 жылы 8,1 трлн теңге болды», - дейді М. Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстан Республикасының Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) қатысушысы бола отырып, қаржы нарығының барлық субъектілерінің кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық стандарттарын сақтау бойынша міндеттемелері бар.

«Қазіргі уақытта банктер және сақтандыру ұйымдары бұл талаптар мен стандарттарды толық көлемде сақтауда, ал микроқаржы ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметі реттелмеген болатын. Осыған байланысты Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды және микроқаржы ұйымдарын олардың кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы сақтау туралы мәліметтерді ұсынуын міндеттейтін қаулыны қабылдады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.

М. Әбілқасымованың деректері бойынша, 2020 жылғы қаңтар-мамырда кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (КЖ/ТҚҚ) бойынша заңнаманың талаптарын бұзу фактілері бойынша банктерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 81 хаттама жасалды, жалпы сомасы 6 400 АЕК айыппұл салынды, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға қатысты 77 хаттама жасалды және жалпы сомасы 9 181 АЕК айыппұл салынды, сақтандыру ұйымдарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 37 хаттама жасалды.

Көлеңкелі экономиканы төмендетудің жүйелік шарасы ретінде агенттіктің құқық қорғау органдарымен және қаржы мониторингі комитетімен жедел өзара іс-қимыл жасауы реттелген.

Ведомствоаралық үйлестіруді және жан-жақты қадағалауды күшейту үшін қаржы мониторингі комитеті, агенттік және Ұлттық банк арасында үшжақты келісім әзірленді.

Жоғары қарай