Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Көлсай көлдері» паркі ЮНЕСКО-ың әлемдік биосфералық резерваттар тізіміне кіруі мүмкін

2020 жылдың 2 қазан 2020 09:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ың бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылуы мүмкін.

Бұл туралы 30 қыркүйекте Экология министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдасының таныстырылымы барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кеше Париждегі біздің дипломаттарымыз «Көлсай көлдерін» ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік резерваттар қатарына қосу туралы өтініш бергенін хабарлаймын. Бір жыл ішінде өтінішке баға беріледі. Шамамен келер жылдың маусым айында шешім қабылданады», - деді ЮНЕСКО-ның қазақстандық «Адам және биосфера» ұлттық комитеттің төрағасы, зоология институтының бас директоры Роман Ященко жиын барысында.

Оның сөзінше, ұлттық парк аталған тізімге кіру арқылы халықаралық деңгейге көтеріледі. Әлемдік қауымдастық алдында экожүйені сақтауға қатысты жауапкершілік артады.

Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алмақ. Басты идея – онда туристердің келуін қамтамасыз ете отырып, экожүйеге зиян келтірмеу.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алған инвестор жұмысын бақылайтын қоғамдық кеңес те құрылмақ.


Жоғары қарай