Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қорғаныс министрлігі: Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі

2021 жылдың 28 тамыз 2021 17:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыста қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге қаза тапқандардың отбасыларына барып, көңіл айтты және қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Қорғаныс ведомствосы басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысына қаза тапқандардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету және өтемақы төлеу мәселелерін шешу мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов келді», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 13 қаза тапқан.




Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлығы 98 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілген.

Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды, Оның Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады.


Жоғары қарай