Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ күштерінің орындап жатқан тапсырмаларын айтты

2022 жылдың 11 қаңтар 2022 00:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ елдерінің әскери контингенттері Қазақстанда қандай тапсырмаларды орындап жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, алғашқы болып Қазақстанға 6 қаңтар күні Ресейдің әскери контингенті бар ұшақ келіп қонды. Ізін суытпай артынан жедел түрде Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан бітімгерлік контингенттер жеткен. Бітімгерлік күштердің жалпы саны шамамен 2500 адамды құрайды.

Алматыда төтенше жағдай шараларын қамтамасыз етуге қатысатын Ұйымның бөлімдері мен бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіретін ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгерлік күштері штабы құрылды.

«Елімізде контингентті орналастыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2 және 4-баптары, Бітімгершілік қызмет туралы келісім және Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті көмек көрсету туралы үндеуі құқықтық негіз болып табылады.

Бітімгершілік күштердің мандатына стратегиялық нысандарды күзету кіреді. Контингенттер әуежайларды, әскери қоймаларды және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асырады.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілері терроризмге қарсы операцияға тартылмайды. Террористік топтарға қарсы негізгі іс-қимылдарды құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүргізеді. Сонымен қатар елде Ұйым елдерінің әскери бөлімшелерінің болуы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен басқа да әлеуетті құрылымдардың қызметкерлеріне төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету және терроризмге қарсы операцияны өткізу жөніндегі іс-шараларға толық көңіл аударуға мүмкіндік берді», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінен.





Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.

«ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстан аумағында уақытша мерзімге келгенін және Қазақстан тарапының өтініші бойынша жағдай тұрақталғаннан кейін елден кететінін атап өту қажет», - деді қорғаныс ведомствосынан.

Айта кетейік, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгершілік контингенттері – бұл арнайы дайындалған әскери, милиция (полиция) және азаматтық персонал, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштеріне беретін күштер мен құралдар. Ұжымдық бітімгершілік күштердің құрамы, құрылымы мен саны жүктелген міндеттердің көлемі мен шиеленіс аймағындағы нақты жағдайды негізге ала отырып, әрбір бітімгершілік операция үшін ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен жеке айқындалады.


Жоғары қарай