Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Коронавирус: АҚШ Президенті елде төтенше жағдай жариялады

2020 жылдың 14 наурыз 2020 02:10

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елде төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін Д.Трамп Twitter-дегі парақшасында жұма күні Ақүйде сағат 15:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00) COVID-19-дың өршуіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізетінін жазған болатын.

Трамптың айтуынша, төтенше жағдайды енгізу федералды және жергілікті билік органдарына эпидемия жағдайында бірлескен жұмыстарды анағұрлым жақсы үйлестіруге септігін тигізетін болады.

Сондай-ақ Америка басшысы коронавирусты анықтайтын диагностикалық тестілердің қосымша жарты миллион жиынтығы алдағы аптаның басында және бір ай ішінде тағы 5 миллионы дәрігерлерге жеткізілетінін мәлім етті. Бұл ретте оның пікірінше, оларды қолданудың қажеті болмайды.

АҚШ Президенті мәлім еткендей, оның бұл жарлығы денсаулық сақтау министрінің құзыретін кеңейтеді. Бұдан былай оның қабылдайтын шаралары қолданыстағы кейбір заңдармен және ережелермен шектелмейтін болады. Бұл, денсаулық сақтау органдарына анағұрлым жедел әрі икемді әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Төтенше жағдай Трампқа ұлттық апаттарға қарсы қордан коронавируспен күреске 50 млрд долларға дейін бөлуге, сондай-ақ федералды билікке штаттармен және жергілікті органдармен іс-қимылдарды анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік ашады», - деп жазады ВВС.

Бүгінге дейін АҚШ-та COVID-19-ға шалдығудың 1700 жағдайы тіркелген. Көз жұмғандар саны 40-тан асады.


Жоғары қарай