Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Астанада ауыр жағдайда ауруханаға түсетін науқастар азаймай отыр

2021 жылдың 10 маусым 2021 13:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорада жансақтау бөлімінде коронавируспен 73 науқас жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 мамырға дейін күніне орта есеппен шамамен 360 жаңа жағдай тіркелген болса, мамырдың екінші жартысынан бастап 200-ге жуық дерек тіркелді. Маусымның 9 күнінің ішінде коронавирус инфекциясының 1 721 жаңа жағдайы анықталды.

Жұқпалы аурулар ауруханаларында емделушілер саны да азайды. Қазір ауруханалардың жүктемесі мамырдың басындағы 63 пайыздан 37 пайызға дейін төмендеді. Бұған халықты вакциналау маңызды рөл атқарды деп санаймыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, пациенттер санының төмендеуіне байланысты соңғы бір аптада жалпы саны 240 төсек-орынды құраған 3 инфекциялық аурухана жабылып, бір жұқпалы аурулар ауруханасындағы кереуеттер 130 төсек-орынға қысқарды.

«Алайда, ауруханаларға ауыр және өте ауыр жағдайда түсетін науқастардың саны азаймай отырғанын атап өткім келеді. Мәселен, бүгінде жансақтау бөлімінде 73 науқас жатыр, оның 19-ы өкпені желдету аппаратына қосылған. Олардың 70 пайызы 60 жастан асқан адамдар, орта жастағы адамдар да жатыр. Оның үстіне барлығында аурудың ағымын қиындататын жанама аурулар бар. Бұған қоса, науқастардың 80 пайызы үйде өзін-өзі емдеп, дәрігерлерге қаралмаған, кәсіби медициналық көмекке жүгінбеген», - деді Әлия Рүстемова.



Жоғары қарай