Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: БҚО-да барлығы 78 ауру ошағы анықталды

2020 жылдың 21 мамыр 2020 14:11

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус тіркелгеннен бері барлығы 78 ауру ошағы анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, ауру ошақтары Орал қаласымен қатар аудандарда да бар.

Мысалы, 20 мамыр күні Сырым ауданында аудандық аурухана қызметкерінен коронавирус табылғаннан кейін онымен қарым-қатынаста болған тағы екі адамның ауру жұқтырғаны белгілі болды.

«Науқаспен байланыста болған аудандық ауруханадағы медицина қызметкерлері де оқшауланып, тексерілді, олардан алынған тест теріс нәтиже көрсетті. Науқас тұрған үй

карантинге жабылды. Ауру жұқтырған тағы екі адам анықталғандықтан, қазіргі кезде эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда, оның қорытындысы кейін хабарланатын болады», деді Н.Мұстаев.

Өңірде барлығы 352 адам коронавирус жұқтырса, соның 261-і – БҚО-ның, 84-і – өзге өңірлердің тұрғындары. Жетеуі –шетелдік азамат.

Облыс бойынша сырқаттанғандардың 70,4 пайызы – сырттан келгендер, соның ішінде 176-сы – Ресейден, 68-і – Атырау облысынан (67-сі – Теңіз кен орнынан). Бір адам Германиядан келген.

105 адам – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Соның ішінде 62-сі денсаулық сақтау нысандарында, 40-ы үй ошағында тіркелді. Үш адам – полиция қызметкері.

Күні бүгін 163 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуды жалғастырса, 7 адам провизорлық, 140 адам карантиндік стационарда жатыр. Үйлерінде оқшауланған 1400 адам дәрігерлердің бақылауында.

«20 мамырдағы өсім көрсеткіші 3,8 пайызды құрап отыр. Егер ауру көздері көбейіп кеткен жағдайда карантиндік шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын ұмытпауды өтінеміз», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресейден келгенжамбылдық жұмысшыдан коронавирус табылғанын, 1,5 мыңға жуық медицина қызметкері 192 млн теңге үстемеақы алғанын жазған болатынбыз.




Жоғары қарай