Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Коронавирус бойынша сауалнама алу кезінде фото-бейне түсірілім жүргізуге тыйым салынады

2020 жылдың 2 сәуір 2020 21:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулыға сәйкес, ҚР СІМ шақыруымен Қазақстанға келетін шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми делегация мүшелері, ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйым өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, әуе компаниялардың ұшқыштары және локомотив бригадаларының мүшелері, теміржол көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдар, жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен және Өзбекстаннан Қазақстан арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдарды қоспағанда Қазақстанға шетелден келетін барлық адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшауланады.

«COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын белгілері бар адамдар карантиндік стационарға емес, провизорлық стационарға жатқызылады. COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады. COVID – 19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үй карантинінде оқшауланады. Үйде оқшаулауға жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулау ұсынылады», - делінген қаулыда.

Сонымен қатар Қазақстанға шетелден келген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйым өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 14 тәулік бойы үйде өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині) жатады.

«Шетелден келген әуе компаниялардың ұшқыштары мен локомотив бригадаларының мүшелері, теміржол көлігінде тасымалдау қызметімен байланысты адамдар және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер қоңырау шалу арқылы (мүмкіндігінше видео қоңырау шалу) тұрғылықты (келген) жері бойынша медициналық бақылауға жатады. ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдар 14 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады», - делінген қаулыда.

Қаулыға сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үйде медициналық көмек көрсету, ошақта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізу, науқастардан және байланыста болған адамдардан сұрау және сауалнама алу кезінде аудио, фото және бейне түсірілім жүргізуге тыйым салынды.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің жаңа қаулысының толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.


Жоғары қарай