Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирусқа шалдыққандардың көбі ауыр жағдайда түсіп жатыр – ақтөбелік дәрігер

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 16:29

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы жөтеліп, дене қызуы көтерілгендердің көбі үйден емделіп, ауруын асқындырып алғанын айтады. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша соңғы тәулікте 17 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның көбі Ақтөбе қаласының, өзгесі Алға, Мәртөк, Мұғалжар аудандарының тұрғындары. Дәл қазіргі уақытта тағы 400-ден астам адам үй карантинінде. Олардың бәрі дәрігерлер қарауына алынған.

«17-21 қаңтар күндері аралығында 70 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Қаңтар айында барлығы 85 адамнан пневмония анықталды. Жыл басынан бері «Әлімбет», «Жайсаң» санитарлық бекеттері арқылы 590 жолаушы мен 300-ге жуық жүргізуші, 68 транзиттік көлік жүргізушісі тексерілді. 39 адамның арнайы анықтамасы болмады. Олардың бәрі карантинтік стационарға жатқызылды. Тексеру кезінде 47 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймаққа кірді. Бұл Ақтөбе үшін де қауіпті. Біз сақтық шарасын ұстануға шақырамыз. Арақашықтықты сақтап, маска тағуды ұмытпаңыздар. Ауру белгісі анықталса, бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Осы аптада өңірде 4 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмған.

«Коронавирус инфекциясынан көз жұмғандардың көбі – егде жастағылар. Біреуі Темір ауданының тұрғыны. 83 жастағы тұрғын жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. Екіншісі 79 жастағы Мәртөк ауданының тұрғыны. Оның бүйрегі ауырған. Тағы екеуі 55 және 68 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғындары. Екеуінің де жүрек-қан тамырлары ауырған. Қант диабеті де бар. Міне, осындай созылмалы дерті бар адамдар үшін коронавирус инфекциясы қауіпті. Сонымен бірге қазір көп науқас жағдайы ауыр күйінде түседі. Адамдар үйден ем қабылдап, өздері антибиотик ішпеуі тиіс. Жедел респираторлы вирустық инфекция да қауіпті. Бұл да коронавирустың белгілерімен ұқсас. Көбі қарапайым тұмау деп ойлап, жүре береді. Алғашқы белгі анықталса, бірден учаскелік дәрігерге хабар берген жөн. Бригада келген кезде ПТР тест алады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.


Жоғары қарай