Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавируспен күрес: Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына бірқатар тапсырма берді

2021 жылдың 22 сәуір 2021 14:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Атырау облысында вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажет. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус індеті қайтадан өршіп, эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Бұл ретте, аймақтың ерекшелігін ескеріп, еңбек ұжымдарындағы ахуалға айрықша назар аудару керек. Облыс кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болуда. Облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын-алу және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырамын. Вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажет», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал, емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

«Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде, ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет. Облыс әкіміне емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз етуді жеке бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтауды, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай