Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Коронавируспен күресте халықтың мемлекетке сенім деңгейін талдау қажет – сарапшы

2020 жылдың 12 шілде 2020 17:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру міндеті COVID-19-ға қарсы күрес стратегиясының бір бөлшегіне айналуы қажет. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Сабина Сәдиева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус пандемиясымен күрестің жарты жылынан кейін сарапшылар алғашқы қорытындыларын шығара бастады – кім, қай мемлекет және ұлт COVID-19 қатерін жеңіп шыға алды? Алғашқы қорытындыларға сүйенсек, «типтік емес пневмония» эпидемиясын өткерген елдердің тәжірибесі коронавируспен күрестегі жетістікте маңызды болды (SARS, 2003 жыл, инфекцияның таралуы бойынша бақылау шараларымен тоқтатылды). Ал жетістіктің маңыздылығы бойынша екінші фактор – сенім болды. Пандемия жағдайында вирустың таралуына тосқауыл қоюдың жетістігі тікелей мемлекеттік бақылау инструменттеріне емес, азаматтардың ерікті қатысуына тәуелді. Ал азаматтардың қатысуы олардың мемлекетке, мемлекеттік органдарға деген сеніміне негізделеді», - деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, елдегі сарапшылар мен әлеуметтанушылар, саясаттанушылар қоғамдағы сенімнің жеткілікті деңгейде еместігін бұрыннан айтып келе жатыр.

«Бүкіләлемдік құндылықтар шолуының мәліметтеріне сенсек, елдегі сенім дараланған, яғни халық жақын отбасылық айналасынан басқа ешкімге дерлік сенбейді. Егер әдеттегі жағдайда бұл теория түріндегі қорытынды сияқты естілсе, пандемияның жарты жылында сенімсіздіктің «қолданбалы» сипатын бәріміз сезіндік – үрей туғызу және жоғары деңгейдегі белгісіздік, инфодемия, мемлекет пен азаматтардың әрекеттерінің келісілмеуі байқалды. Өкінішке қарай, мемлекеттік секторға сенім деңгейі орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында, өңірлерді дамыту бағдарламаларында жоқ. Ал бүкіл әлемде мемлекетке деген сенім төменнен жоғарыға – жергілікті басқарудан орталыққа қарай қалыптасады (Edelman Trust Barometer 2020, мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейіндегі сенім деңгейін салыстыру)», - дейді С. Сәдиева.

Сондықтан халықтың ең алдымен қала, елдімекендер, аймақтар әкімдеріне деген сенімін арттыру міндеті COVID-19-ға қарсы күрес стратегиясының бір бөлшегіне айналуы қажет. Себебі сенім қоғамның мінез-құлықтық ұстанымына байланысты кез келген мемлекеттік саясат үшін өте маңызды.

«Ашық мемлекет саясаты бір-екі орталық мемлекеттік органның ведомстволық міндеті болып қалмауы керек. Сенім көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау, өңірлік саясат жүйесіне енуі қажет, мемлекеттік сектордағы кадрлық шешімдер үшін негізге айналуы тиіс. Бюджеттің мәліметтерін, есептерін және ашықтығын жариялау туралы алғашқы кешенді саясат 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде енгізілген болатын. Қазір оларды қайта бағалау, қатаңдату және жетілдіру уақыты келді. Бүгінде халықтың мемлекеттік жүйелерге, қызмет көрсету сервистері мен провайдерлеріне, сондай-ақ жеке адамдарға деген сенім деңгейін анықтау бойынша жүйелі зерттеулер өткізу қажет», - дейді Сабина Садиева.


Жоғары қарай