Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирустың елімізде таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 20:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бердібек Сапарбаев ҚР аумағында коронавирустың пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

27 қаңтар күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР аумағында коронавирустың пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Комиссия құрамына денсаулық сақтау, сыртқы істер, ішкі істер, білім және ғылым, қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің басшылары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдерінің орынбасарлары кірді.

« Қытайда 2700-ден аса коронавируспен сырқаттану оқиғасы тіркелді, 80 адам көз жұмды. Әлемде 50 аурудың жұғу оқиғасы тіркелді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қорғану шараларын қабылдады, тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді «, - деді вице-премьер.

Отырыста шекарада санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту, ҚХР-дан келушілердің барлығын тұрғылықты жері бойынша бақылау, медицина ұйымдары мен қызметкерлерінің әзірлігін қамтамасыз ету, ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушылар үшін ҚР аумағында 72 сағаттық визасыз болу режимінің күшін тоқтату және басқа да мәселелер қаралды.

Сонымен қатар Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі талқыланды.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышевтің айтуынша, Ухань қаласында бүгінде 98 қазақстандық студент бар. Дипломаттар олармен байланыста және ҚХР СІМ-мен бірлесіп оларды эвакуациялау мәселелерін пысықтауда. ҚХР-дағы ҚР елшілігінде жедел желі ашылды, тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл ретте, қытай тарапы әлі ешқандай мемлекетке өз азаматтарын алып кетуге рұқсат берген жоқ.

Өз кезегінде, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов биыл 6 қаңтардан бастап санитариялық-эпидемологиялық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап айтты.

« ҚХР-мен шекара арқылы өткізу пункттерінде 20 мыңға жуық адам тексерілді. Олардың барлығы мониторингке алынды және 14 күн бойы есепте тұрады. Қайта келгендердің барлығын да осылайша қадағалайтын боламыз. Оқу-жаттығу жүргізілді, call-орталық ашылды, қосымша 4780 төсек-орынға карантин үшін резервтік стационарлар әзірленді. Медицина бұйымдары мен препараттарының қосымша қажеттілігі бойынша есеп-қисап жасалуда «, - деді министр.

Отырысты қорытындылаған Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау, ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне тұрғындар арасында күн сайын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Облыстар мен қалалардың әкімдіктері де өңірлік деңгейде осындай жұмыстар жүргізуі тиіс.

« Барлық жауапты мемлекеттік органдар өзара тиімді әрекеттестік орнатып, Іс-шаралар жоспарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бүгінде Қазақстанда бұл ауруға шалдығу оқиғасы тіркелген жоқ, бірақ біз дайын болып, қажет болған жағдайда жылдам әрекет етуіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қосымша күштер мен құралдарды, оның ішінде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектерді, медицина ұйымдарын қарастыруы кере к», - деді вице-премьер.


Жоғары қарай