Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирустың өршуі: Алматыда санитарлық шаралар күшейтілді

2021 жылдың 23 қаңтар 2021 01:19

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің, қалалық басқармалар мен аудандық әкімдіктер басшыларының қатысуымен онлайн форматта жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басты міндет – Алматы қаласында коронавирус инфекциясының жаппай таралуын болдырмау.

«Эпидемиологиялық жағдай ушыға түсуде. 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап инфекцияның он күндіктер бойынша жұқтыру динамикасы ұлғаюда, COVID-19 жұқтыру орташа 1,2-1,5 есеге өсті. 1-10 қаңтардағы өсім – 1,3 есе, ал 11-21 қаңтардағы өсім – 1,1 есе. Инфекция негізінен қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, ойын-сауық орындарында жұғуда. Сондықтан мейрамханалардың және басқа да қоғамдық орындардың жұмыс режимін ерекше бақылауға алу керек», – деп атап өтті Е. Бабақұмаров.

Ол онлайн кеңеске қатысқандарға нақтылы тапсырмалар берді және алға қойған міндеттерді орындауда олардың жеке жауапкершіліктері қаралатынын ескертті.

Ержан Бабақұмаров аудан әкімдіктеріне тиісті басқармалармен бірлесіп мониторингілік топтардың жұмысын күшейтуді жүктеді. Атап айтқанда, инфекция жұғуы мүмкін тәуекел әрі тексерілетін нысандар тізімін ұлғайту тапсырылды. Мұндай орындар – әуежайлар, вокзалдар, ірі қоғамдық орталықтар, жұмыс орындары, қоғамдық көлік және тағы да басқа.

Сонымен бірге, инфекция жұқтыру оффлайн режиміндеі жұмыс істейтіндер арасында жиі кездесуде - 30,8% (439 адам). Кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық эпидемиологиялық талапты қатаң сақтауы тиіс. «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіподақтар федерациясы бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Соңғы 2 аптада КВИ-дің 1426 жағдайы тіркелсе, соның шамамен 65% - көппәтерлі үйлердің тұрғындары. Бұл, көппәтерлі үйлердің кіреберісінде, лифтіде және үй жанындағы дүкендер мен дәріханаларда індетті жұқтыру қаупі жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты, пәтер иелері кооперативтері (ПИК) және қаланың мүлік иелері бірлестігімен (МИБ) жүйелі негізде есіктерді, тұтқаларды, лифтілерді және басқа да жаппай пайдалану орындарын дезинфекциялау мен өңдеуді күшейту бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ, ауладағы дүкендер мен дәріханаларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы ерекше бақылауға алынады.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ауру деңгейі әртүрлі пациенттерді ауруханаға жатқызу мен бағыттауды үйлестіруді, жедел медициналық көмек жұмысының алгоритмін және Алматы қаласында жұқтыру деңгейі өскен жағдайда ауруханаға жатқызуды ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.


Жоғары қарай