Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Көші-қондағы жекелеген функциялар Еңбек министрлігінің қарамағына берілмек

2021 жылдың 24 қараша 2021 11:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы 2021 жылғы 3 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс депутаты Сырым Ертаевтың айтуынша, депутаттар заң жобасымен жұмыс барысында мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметті реттеуді жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілер үшін жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.

Олар:

- кәсіпкерлерге ақпараттық құралдарды электрондық нысанда ғана емес, қағаз жеткізгіште де беру тәсілін таңдау құқығын пайдалануға мүмкіндік беруге;

- егер реттеуші мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті талаптар қамтылатын нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ өзге де құжаттардың тиімділігін бағалау тұрғысынан уақтылы талдау жүргізбесе, міндетті түрде олардың күшін жоюға немесе қайта қарауға;

- кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы пилоттық жобаны жүргізу шарттары заңнамалық деңгейде бекітілген жағдайда ғана және оған жеке кәсіпкерлік субъектілері ерікті түрде қатысқан кезінде ғана осы пилоттық жобаны жүргізуді көздейтін нормаларды белгілеуге;

- Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің ұсыныстары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдататын нормалардың күшін жою немесе қайта қарау үшін мүмкіндік беруге бағытталған.

«Бұдан басқа жұмыс тобында депутаттар Ішкі істер министрлігінен халықтың көші-қоны саласындағы жекелеген функциялар мен өкілеттіктерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беруді, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз етуді Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін түзетулер енгізді», - деді С. Ертаев.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы институттарын Қазақстан Республикасына инвестициялар тарту үшін пайдалану мақсатында «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға жекелеген түзетулер ұсынылды.

Сонымен қатар, депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Бұған қоса, заң жобасының тақырыбы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп жаңа редакцияда жазылды.


Жоғары қарай