Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Косметологияда қолданылады: СҚО-да 5,5 тонна қызыл шаян заңсыз ауланған

2019 жылдың 3 қараша 2019 03:34

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз ауланған 5,5 тонна артемия салина шаяндары тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-31 қазан аралығында облыс аумағында «Браконьер» жедел-профилактикалық шарасы өтті. Нәтижесінде 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның 4-еуі артемия салина шаянын заңсыз аулауға қатысты. Қызыл шаянды негізінен косметология мен фармакологияда қолданады. Бір айдың ішінде браконьерлерден 5,5 тонна су жәндігі алынды. Олардың мемлекетке қанша шығын әкелгені есептеліп жатыр.

«Қызыл шаянды заңсыз аулаудың 3 дерегі Тайынша ауданында, 1-еуі Жамбыл ауданында тіркелді. Облыстағы артемия салина кездесетін барлық тұзды көлдер жалға берілген. Ол жерде жәндікті аулауға рұқсат берілген. Бірақ жалданып жұмыс істейтіндердің кейбірі ауланған шаянның бір бөлігін тығып алып қалады. Көл басынан тиісті құжатсыз шығармақ болғандар ұсталды. Олар енді 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеулері мүмкін», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Асқат Қожабаев.

Бір айдың ішінде әкімшілік жауапкершілікке 176 адам тартылса, соның 127-сі аң аулау тәртібін бұзғандар. 24 тұрғын заңсыз балық ауласа, 15-і қару-жарақты, оқ-дәріні сатып алу, пайдалану сақтау немесе тасымалдау тәртібін бұзған.

«Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайтындар көп. Қайықты пайдаланатын балықшылар құтқару кеудешесін кимейді. Аңшылар қаруларын алдын ала оқтап шығады. Көпшілік табиғат аясында міндетті түрде спирттік ішімдік ішеді», - дейді полицейлер.

Рейдтік шаралар болашақта да жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ.

Жоғары қарай