Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысына коронавирусқа қарсы 1300 вакцина әкелінеді

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 12:50

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында коронавирусқа қарсы вакцинацияны ұйымдастыру мәселесі қарастырылды. 2021 жылдың 1 ақпанында коронавирусқа қарсы вакциналар Қазақстан бойынша таратылады. Соның ішінде Қостанай облысына әкелінетін вакцинаның бірінші партиясы 1300 дананы құрайды.

Вакцинациялау үшін адамдар контингенті анықталды. Олар: инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының, стационарлардың қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызметтің қызметкерлері.

Медициналық ұйымдардың жанында вакцинация кабинеттері дайындалды, сондай-ақ көшпелі мобильді топтар құрылды. Өңірде сенбі және жексенді күндері ауданы 2 мыңнан асатын азық-түлік емес сауда нысандары мен жабық азық-түлік базарларының жұмысы тоқтайды. Бұған қоса СПА орталықтардың, спорт нысандарының қызметіне, қоғамдық көлік қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Кеңес қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов КВИ-ның одан әрі таралуына жол бермеу шараларын жалғастыруды, сондай-ақ халыққа вакцинация жүргізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.


Жоғары қарай