Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қостанай облысына Ресейден дәрі алдырып, заңсыз сатқан кәсіпкер ұсталды

2020 жылдың 9 шілде 2020 16:23

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының полиция департаменті дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 29 жастағы жергілікті кәсіпкер Ресей Федерациясындағы танысынан дәрі-дәрмек алып отырған. Дәрілерді Қостанай облысының аудандарында негізгі бағасынан 30 пайызға қымбатқа сатқан.

«Оны ұстаған кезде автомобиль салонында жедел респираторлық ауруларды емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің 18-ден астам түрі анықталды. Барлығы 200-ден астам дәрі-дәрмек тәркіленді. Олардың арасында «Парацетамол», «АЦЦ», «Аспирин» бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабымен («Заңсыз кәсіпкерлік қызмет») сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, полиция медициналық маскаларды лицензиясыз жүзеге асырудың екі фактісін анықтады. Облыс орталығындағы дүкендердің бірінде медициналық маскаларды сатып келген 50 жастағы ер адам ұсталды. Тәркіленген материалдар Қостанай облысы бойынша тауардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қарауына жіберілді», - дейді полицияның баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, облыс аумағындағы санитарлық-дезинфекциялық режимнің сақталуын әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП-ның, тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдарының өкілдерінен, сондай-ақ жергілікті полиция қызметкерлерінен құрылған 40 мониторинг тобы бақылауда. Арнайы топ бүгінге дейін 4 мыңнан астам рейд жүргізіп, жалпы саны 1 670 шағын азық-түлік дүкендері мен ірі сауда орталықтарын тексерген. Карантин кезінде мониторинг тобы жүргізген тексеру нәтижесінде 342 тәртіп бұзушылық анықталып, 20 бизнес нысанның қызметі тоқтатылды. 125 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді.

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирус инфекциясына қатысты өңірдегі ахуалды баяндаған болатын. Облыс әкімі айтқандай, өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалмайды.




Жоғары қарай