Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Қостанай облысында 313 заңсыз қоқыс төгу орны анықталды

2020 жылдың 18 ақпан 2020 11:10

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында экологиялық мәселелерді ретке келтіретін «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобалық кеңсеге кез келген тұрғын мемлекеттік мекемедегі қызметкерлердің тәртібі мен экологиялық заңнаманың бұзылуы туралы хабарлай алады. Жемқорлықтың алдын алумен айналысатын кеңсе жұмысына үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер, қоғам белсенділері де тартылған.

«Президентіміздің тапсырмасы бойынша, мемлекеттік қызметшілер мен халық арасындағы кедергілерді жою шеңберінде арнайы жобаны қолға алып отырмыз. «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған штаб. Әзірге бұл кеңсе мемлекеттік қызметтің екі түрін көрсетеді. Қызметтердің көбі электронды портал арқылы жүргізіледі», - дейді облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Виктор Мұхамеджанов.

Расымен де, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын жоқ. Экология жағдайына алаңдайтын тұрғындар бұған дейін облыс әкіміне бірнеше рет хат жолдаған. Олар қоқыс орындарының талапқа сай келмейтініне шағымданған.

«Былтыр бұл бағытта бірталай жұмыс атқарылды. Спутник арқылы 313 заңсыз қоқыс аймағы анықталып, оның жартысы жергілікті әкімдіктер күшімен жойылған. Алайда, орталықтан тыс аймақтарда, далада, жол бойында күл-қоқыс төгіп кететіндерді ұстау қиындық туғызады. Енді бұл кеңсе су инспекциясымен, Геология және жер қойнауын пайдалану департаментімен, сондай-ақ, орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді департамент басшысы.


Жоғары қарай