Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қостанай облысында 5 цифрлық ферма құрылады

2019 жылдың 30 шілде 2019 21:32

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімдігі ауыл шаруашылығын цифрландыру бағыты бойынша жұмыс жоспарын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов цифрландыру бағдарламасының орындалуы туралы мәлімет берді.

«Облыс әкімдігі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірігіп, нақты егіншілік технологияларын енгізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұған қоса, сандық технологияларды енгізудің 5 негізгі бағыты іріктеліп алынды,негізгі міндеттер анықталды. Бұл міндеттерді агробизнес өкілдерімен кездесуде талқыладық. Жалпы, 2018 жылдың қорытындысында жол картасы бойынша 33 «Жылдам жеңістің» барлық іс-шарасы толық орындалды», - деді Жанұлтан Тәукенов.

Биыл негізгі екпін нақты егіншілік элементтерін қолдануға және ең жоғары экономикалық тиімділік күтілетін мал шаруашылығы смарт-фермаларын құруға бағытталып отыр. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген «QQoldau.kz» геопорталы негізгі жұмыс бағыты ретінде таңдалды. Атап айтқанда, жайылым жерлердің электронды карталары, ауа райы мониторингі, топырақ сапасын бағалау сандық жүйеге енгізілді.

«6 млн гектар егістік жер 100%- цифрландырылды. Ал 4,2 млн гектар жайылымның 3,5 млн гектары сандық жүйеге ауысты. Мұндай жұмыстардың 94 пайызы шабындық алқаптарында жүргізілді. Нәтижесінде, басқармаға түскен өтінімдерді қарау мерзімін 2,5 есеге қысқартуға, құжат айналымын азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және онлайн режимде мониторинг жүргізуге мүмкіндік алдық», - дейді ол.

Айта кетейік, өткен жылы А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ базасында фермерлерді оқытумен айналысатын сандық «Парасат» хабы іске қосылды. Енді ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен облыста 2022 жылға дейін нақты егіншілік бойынша 5 сандық ферма және 6 смарт-ферма құрылады.

Жоғары қарай