Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында бассейндер мен спорт залдарының жұмысына рұқсат берілді

2020 жылдың 5 желтоқсан 2020 16:02

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында спорт залдары мен термопарктердің жұмысына рұқсат берілді. Бұл туралы облыс аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Қостанай облысының бас санитар дәрігері В. Нечитайлоның қаулысына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, Қостанай қаласында карантин шаралары сақталып, ҚР мемлекеттік шекарасына санитариялық бекеттер қойылады.

Сонымен қатар өндірістік процесті, қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық объектілердің қызметкерлерін қоспағанда, тұрғындардың жүріп-тұруы сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін шектеледі.

Күшейтілген санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып және жұмыс күндері сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін (алдын ала жазылу бойынша) жұмыс кестесін белгілей отырып, аквапарктер мен термопарктердің жұмысына рұқсат беріледі. Олардың жұмысы мереке күндері тоқтатылады.

Күнде сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін таксидің жүріп-тұруына тыйым салынады. Такси жүргізушілері мен жолаушылары міндетті түрде бетперде киюі тиіс.

Азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды қоспағанда, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін сауда, ойын-сауық орталықтарының қызметіне рұқсат беріледі.

Бір топта 15 адамнан аспайтын, жұмыс режимі 9:00-ден 20:00-ге дейінгі балалар секцияларының, үйірмелердің, факультативтердің жұмысына рұқсат етіледі. Демалыс және мереке күндері қызметі тоқтатылады.

Жұмыс күндері сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып, келушілері 30% аспайтын жабық спорт объектілерінің (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру орталықтары және басқалар) жұмысына рұқсат беріледі. Демалыс және мереке күндері қызметі тоқтатылады.

Сонымен қатар, қоғамдық тамақтандыру объектілері демалыс және мереке күндері тек қана «тұтынушыға жеткізу» қағидатымен жұмыс істейді. Ал автожуу, шиномонтаж шеберханалары, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттерді жасау, тұрмыстық үй қағидаты бойынша қызметтер қайта жанданады.


Жоғары қарай