Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында былтырғы бюджеттің 3 млрд теңгесі игерілмей қалған

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 13:29

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Былтыр Қостанай облысында бюджеттің 3 млрд теңгеге жуық қаражаты игерілмей қалған. Облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен бұл сома биыл түрлі қажеттіліктерге қайта үлестірілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Қостанай облысының былтыр игерілмеген 3 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын қайта қарастыру мәселесі талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, Бюджет кодексіне сәйкес облыстық бюджетке жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша өзгерістер енгізіледі.

«2020 жылғы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау нәтижесінде облыстық бюджетті қайта бөлу ұсынылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 1, 2 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы Амангелді, Денисов, Жангелдин, Қарабалық, Науырзым аудандарындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге бағытталады. Облыстық білім басқармасына 564,6 млн теңге жұмсалса, оның 378,1 млн теңгесіне Амангелді ауданындағы Амангелді орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі. 98,5 млн теңгеге «Жас маман» республикалық жобасы шеңберінде оқу жабдықтары сатып алынады. К. Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледжі, Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжі, Жітіқара политехникалық колледжі, Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі, Қостанай тұрмыстық сервис колледжі, Федоров ауыл шаруашылығы колледжі, Лисаков техникалық колледжіне жабдықтар жеткізіледі», - деді басқарма басшысы.

Бюджеттен игерілмей қалған 464 млн теңге Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бағытталды. 159,2 млн теңге Абай және Миролюбов ауылдары арасында орналасқан Ұзынкөл магистралды су құбырын қайта жаңартуға бөлінді.

Атқарушы биліктің бұл ұсынысын депутаттар бірауыздан мақұлдады.


Жоғары қарай