Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

2020 жылдың 1 желтоқсан 2020 20:13

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Амангелді ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл еңбеккерлерін баспанамен қамтамасыз етуді өңір әкімдеріне жүктеген болатын. Тұрғындарды баспанамен қамту Қостанай облысында да кешенді түрде шешіліп келеді. Мәселен, Амангелді ауданында 1997 жылдан бері жарамсыз күйде тұрған нысан күні кеше пайдалануға берілді. Баспананың халық игілігіне берілуі ҚР Тұңғыш Президенті күнімен тұспа-тұс келді.

Аталмыш үй облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынды. Жоба құны – 169 млн теңге. Қайта жаңғыртудан өткен үйдің аумағы 1268 шаршы метрді құрайды. Мұнда 2 және 3 бөлмелі 18 пәтер бар. Құрылысты «Алюминстрой» жауапкершілігі серіктестіктігі 152 млн теңгеге жүргізіп, сапалы орындап шыққан.





Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асановтың айтуынша, пәтерлер кезекте тұрған көп балалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға және бюджет қызметкерлеріне берілді.

«Қазіргі таңда Амангелді ауданында тұрғын үй кезегінде 131 адам тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 27, көп балалы аналар – 25, халықтың әлеуметтік жағынан осал топ мүшелері – 33, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 46 адам. Биыл халықпен есепті кездесуде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы тұрғын үй салу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында маусым айында аудан орталығынан 11 пәтерлі жатақхана салып, әлеуметтік осал санатқа жататын отбасы мүшелеріне тапсырдық. Айтулы мерекеде қуаныштары еселеніп жатқан отбасы мүшелерін шын жүректен құттықтаймын», - деді аудан басшысы.

Баспаналы болғандардың бірі – көпбалалы ана Бану Мұхатова. Ол бұған дейін пәтер жалдап келген. Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде жағдайын айтып, баспана бөлуін сұраған. Міне, жалғызбасты ананың арманы орындалды!

«Осы күнге дейін өзіміздің үйіміз болмай, жалдамалы пәтерде тұрып, әртүрлі қиындықтарды көріп келдік. Дәл қазіргі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы қамқорлықтары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына және де облыстың, ауданның басшылығына алғысымыз шексіз», - деп атап өтті Бану Мұхатова.








Жоғары қарай