Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Қостанай облысында орташа жалақы 15,6 пайызға өсті

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 15:24

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста Қостанай облысының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, өңірде шағын және орта бизнестің өсімі байқалады.

«Облыста шағын және орта бизнеспен айналысатын 52,5 мың кәсіпкерлік тіркелген. Олардың дені «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға қатысады. Осы мақсатта былтыр 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар жекелей сауданың өсімі 4,5 пайызға жетіп, 345 млрд теңге пайда түсірді. 2019 жылы облыстың шығындары 99,7 пайызға орындалды. Енді биыл бюджетте 313,9 млрд теңге қарастырылады», - деп мәлім етті басқарма басшысы.

Облыс экономикасындағы көрсеткіштердің өсуі әлеуметтік салада тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 7,7 миллиард теңге игерілді. Бұл жұмыссыздықты қысқартуға едәуір мүмкіндік берген. Аймақта 32 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Экономикалық көрсеткіштердің жоғары өсу қарқыны салық түсіміне оң әсер еткен. Нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің кіріс жоспары 104,5%-ға асыра орындалды. Облыстың орташа айлық жалақысы 15,6%-ға ұлғайып, 140 309 теңгеге жетті.

«2019 жылдың экономикалық көрсеткіштері жақсы. Әр салада өсім бар. Енді 2020 жылдың жоспарын толығымен орындау міндеті тұр. Осы мақсатта барлық салалық департаментте мемлекеттік бағдарламаларды кешенді түрде іске асыруы тиіс. 2020 жылға қойылған мақсат – өңірлік жалпы өнімнің 4,1%-ға өсуіне қол жеткізу», - деді Г.Мұсағазина баяндамасында.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көрсеткіштердің жақсы екенін айтып, осы қарқынды түсірмеуді тапсырды.


Жоғары қарай