Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанайда бойжеткен 5-қабаттан секірмек болды

2021 жылдың 8 маусым 2021 11:56

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласында патрульдік полиция қызметкері бесінші қабаттан секірмек болған бойжеткеннің өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше кешке патрульдік полиция қызметкері, полицияның кіші лейтенанты Нығмет Үдербаев түнгі кезекшілікке кіріскен. Өзінің әріптесі – полицияның кіші лейтенанты Нұрлыбек Байкенжинмен бірге қаланы көлікпен патрульдеп жүрген. Сағат 23:05 шамасында «102» көміріне Дощанов көшесіндегі үйде бойжеткеннің бесінші қабат терезесінен секірмек болып тұрғаны туралы хбарлама түскен. Осы кезде патруль жақын маңда, Л.Беда және Мәуленов көшелерінің ауданында жүрген.

Оқиға орнына келгенде Нығмет Үдербаев бесінші қабат терезесінің тақтайында отырған бойжеткенді көрген.

«Онымен сөйлесіп тұратын уақыт болмады. Мен оның кез келген сәтте төмен секіре алатынын түсіндім. Сондықтан тезірек бесінші қабатқа көтеріліп, бұл пәтердің есігін ашуға әрекет жасадым», - деп баяндады Н.Үдербаев.

Алайда полицей есікті аша алмай, көрші кіреберістегі пәтер арқылы кіруді шешкен. Бесінші қабатқа қайта көтеріліп, көрші пәтер ішіне, одан – бойжеткеннің балконымен бір қабырғада орналасқан балконға өтті. Оларды ағаш қабырға ғана бөліп тұрған. Үй иесі оны сындырып, іргелес балконға өтуге рұқсатын берген.

«Мен бұл ағаш қабырғаны сындырып, бойжеткен пәтерінің ішіне кірдім де, оны төменге секіруден құтқара алдым. Ол жылап қоя беріп, жігітімен ұрысып қалғанын айтты», - деп қосты Н.Үдербаев.

Оқиға куәгерлері барлығын видеоға түсіріп, тәртіп сақшысына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Нығмет Үдербаев патрульдік полицияда 8 жыл қызмет етіп келеді. Ол осы уақыт аралығында тәжірибесінде көптеген оқиғалар болғанын атап өтті.

«Өрттен құтқарып, ауа райының қолайсыз кезінде қиын жағдайда қалған жүргізушілерге көмек көрсетттік. Бұл – біздің әдеттегі жұмысымыз», - деп санайды патрульдік полиция қызметкері.


Жоғары қарай