Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанайдың бас полицейі тұрғындарды жеке қабылдады

2020 жылдың 26 қараша 2020 21:52

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні Қостанай облысы полиция департаменті аумақтық бөлімшелерінің басшылығына түрлі мәселелер бойынша 100-ден астам азамат жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Zoom» платформасында онлайн форматта өткен кездесуде 100-ден астам мәселе қозғалды. Олардың дені қылмыстық істерді тергеу және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты болды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен кері байланысты қамтамасыз етудің маңызы зор. Құқықтық тәртіп ісі азаматтардың қоғамдағы мәселелерге қатысуына тікелей байланысты және полиция жұмысының форматын өзгертеді. Соның бірі мысалы осындай қоғамдық қабылдау күні саналады», - деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығы Бекет Аймағамбетов.




Қостанай облысының бас полицейі 20 азаматты онлайн қабылдады. Олар жол-көлік оқиғаларын, алаяқтықты және басқа да қылмыстық істерді тергеуге қатысты сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.

Онлайн желі арқылы Қарабалық аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Ахметовке жергілікті тұрғын Сергей Дядик жүгінді. Ол осы жылдың шілде айында оның үйінен ұялы телефон ұрланғанын айтты. Қараша айында полиция ұрланған затты тауып берген.




«Мен полицияға ұрлық туралы арыз жаздым. Полицейлер менің телефонымды Қостанай қаласының тұрғындарынан ұрланған заттардың базасына енгізілген код арқылы тапқандарын айтты», - деді С.Дядик.

Ғанижамал Отарбаева Денисов ауданының полициясына жүгінді. Полицейлер ағымдағы жылдың қазан айында табыннан жоғалып кеткен атты ауыл тұрғынына тауып берді. Учаскелік инспекторлар Бағдат Кенешов пен жедел уәкіл Медет Ыбыраев көршілес Красноармейка кентінде жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жылқыны тауып, иесіне қайтарды. Тұрғын тәртіп сақшыларына алғыс айтты.

Адвокат Сәмет Саламатов екі адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасын тергеушілерге шағымданып келді. Ол тергеу әрекеттері толық көлемде жүргізілген жоқ деп санайды. Бұл мәселені Бекет Аймағамбетов бақылауда ұстауға уәде етті.

«Кездесуде көтерілген барлық мәселені ерекше назарға аламын. Қазіргі уақытта барлық қылмыстық істердің жартысынан астамы электрондық форматта тергелуде, бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондықтан «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмейді», - деді Бекет Аймағамбетов.


Жоғары қарай