Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанайлық полицейлер балалар үйіне спорт жабдықтарын сыйға тартты

2020 жылдың 28 мамыр 2020 20:31

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Балаларды қорғау күні қарсаңында полицейлер Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтап, сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының балалар үйі Рудный қаласында орналасқан. Мұнда бүгінде 228 бала тәрбиеленуде, оның тоғызы мектепке дейінгі жаста. Бүгін тәртіп сақшылары балаларға барып, спорт құралдарын, ойыншықтар тапсырды. Шараға Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев қатысты.

Оның айтуынша, полиция бірнеше жыл бойы облыстық балалар үйін қамқорлыққа алып, тәрбиеленушілерге көмек көрсетіп келеді.

«Карантин жағдайына байланысты біз балаларды жеке құттықтай алмаймыз, дегенмен олардың мерекелік көңіл-күйін сақтау керек. «Динамо» спорттық қоғамымен бірлесе отырып, балаларға қажетті құрал-жабдықтар тарту етуді жөн санадық. Біз осы мекеменің тәрбиеленушілерінің көптеген спорттық жетістіктері бар екенін жақсы білеміз»,-дейді А. Ынтықбаев.

Расымен де, облыстық балалар үйінің футбол командасы өткен жылы Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, Ольга Ким есімді тәрбиеленуші үстел теннисінен республикалық турнирде жеңіске жетті. Бұдан бөлек ұлттық ойындар бойынша көрсеткіштері көңіл қуантарлықтай.





Рудный балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елена Спасюк полицейлерге көңіл бөліп, көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Біз полиция қызметкерлеріне өте ризамыз. Үнемі бізді қолдап отырады. Биыл Наурыз мерекесінде полицейлерден қомақты сыйлықтар алдық. Біздің тәрбиеленушілеріміздің арасында полицияда қызмет ететіндері бар. Оларды үнемі мақтан тұтамыз. Осы жылы бір түлегіміз ҚР ІІМ академиясына түсуге дайындалуда»,- деп атап өтті Е. Спасюк.

Сыйлықтарды алғаннан кейін балалар полицейлерге алғыс айтып, бейнежазба жолдады.


Жоғары қарай