Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚПЛ: «Қайрат» жеті ойыннан кейін жеңілді

2019 жылдың 5 шілде 2019 22:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 17-турында Алматының «Қайраты» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Бүгінгі күнге дейін «Қайрат» 17 ойыннан кейін 32 ұпаймен үшінші орында тұрса, «Ордабасы» 16 ойыннан кейін 30 ұпаймен төрттікті түйіндеді.

Бүгінгі кездесуде екі команда да жеңіске жетуге талпынды. Десе де өз дегендеріне жете алған жоқ. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз гол 89-минутта соғылды. Оны «Ордабасы» сапынан Зики Бадибанга орындады. Осылайша «Ордабасы» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» жеті ойыннан бері жеңілмей келе жатқан еді.

Бүгін аталмыш турда тағы бір кездесу өткізілді. Қостанайда жергілікті «Тобыл» елордалық «Астана» командасына 0:2 есебімен жол берді. Турнир кестесінде «Астана» бірінші орынға шықса, «Тобыл» екінші орынға сырғыды. Үшінші орынға «Ордабасы» көтеріліп, «Қайрат» төртінші орынға түсті.

Енді «Қайрат» пен «Ордабасы» 11 шілдеде УЕФА Еуропа лигасында ойнайды. Сол күні «Қайрат» сырт алаңда Боснияның «Широки Бриег» командасымен кездессе, «Ордабасы» өз алаңында Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубын қабылдайды.

Айта кетерлігі, 17-турдың қалған ойындары 6 шілдеде өткізіледі. Бұл күні «Тараз» бен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ертіс» пен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Жетісу» командалары кездеседі.

Ал 18-тур ойындары 13 және 14 шілде күндері өткізіледі. 13 шілдеде «Жетісу» мен «Ертіс», «Ақтөбе» мен «Шахтер», 14 шілдеде «Ордабасы» мен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Тараз», «Қайрат» пен «Қайсар» ойнайды.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Алматы, Спорт,
Жоғары қарай