Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

ҚР ДСМ: Қордайдағы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетіледі

2020 жылдың 10 ақпан 2020 15:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қордайдағы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Масанчи ауылында Үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Жедел медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнына шұғыл түрде мамандар тобы және шұғыл медициналық көмек бригадалары жіберілді. 100-ден астам медицина қызметкері мен 36 санитарлық көлік, оның ішінде 2 санитарлық авиация тікұшағы тартылды» деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

10 ақпандағы мәліметке сәйкес, жаппай жанжал салдарынан 178 адам зардап шекті, 10 адам қаза тапты (8 - оқиға орнында, ауыр жарақат алған 2 адам ауруханада).

Министрлік мәліметіне сай, медициналық көмекке 170 адам жүгінді. Өтініш білдіргендердің: 117-сіне амбулаторлық көмек – (102 - Қазақстанда, 15 Қырғыз Республикасында); 53 адамға стационарлық көмек - (43 – Қазақстан, 10 – Қырғыз Республикасында) көрсетілді.

10 ақпан сағат 12.00-дегі жағдай бойынша стационарлық емделуде 41 науқас бар: Алматы қаласының стационарларында – 25; Жамбыл облысында – 14; Қырғыз Республикасының стационарларында – 2. Оның ішінде: реанимацияда 9, бейінді бөлімшелерде түрлі жарақат алған 32 пациент бар. 17 науқасқа ота жасалды.

Айта кету керек, бүгін, яғни, 10 ақпанда Қордайдағы аудандық орталық ауруханада 1 пациентті және Қырғыз Республикасынан 2 пациентті Алматы қаласында тасымалдауға дайындық жүргізілуде.

Пациенттерге медициналық көмектің барлық түрі мен көлемі Тегін мемлекеттік кепілдендірілген көмек бойынша көрсетілетінін атап өту қажет.

Қазір науқастар мамандардың жіті бақылауында және қажетті ем алуда.


Жоғары қарай