Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарына қатысты ұсыныстарын жариялады

2021 жылдың 27 қаңтар 2021 19:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерге қатысты Парламент депутаттарына ұсыныстарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі іс-шара барысында Мәжіліс депутаттарымен және онлайн режимде өңірлік мәслихаттарға сайланған депутаттармен кездесу өтті. Осы орайда әлеуметтік еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді талқыладық. Бұл бағытта заңнамалық тұрғыдан жетілдіру, жұмыспен қамту саласындағы сапаны көтеру аясында ұсыныстар жасалды», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.





Оның сөзіне қарағанда, Кәсіподақтар федерациясы Парламентпен, мәслихаттармен тікелей байланысты жетілдіруге екпін қойып отыр.

«Қазір кәсіподақтар туралы заңнаманы да жетілдіру қажет болып тұр, яғни ол бүгінгі сұранысқа жауап беруі керек. Осы бағытта бізде біраз ұсыныстар бар. Сонымен қатар, Парламентпен өзара байланыста жұмыс істеудің тетіктерін қарастырдық. Мәжіліс құрамында фракцияаралық депутаттық топ құру бастамасын көтеруге ниеттіміз. Заңнама бойынша мұндай қадамды іске асыруға болады. 15 депутат осы бағытта бірігуге қызығушылық танытса, осындай депутаттық топ құруға болады. Олар кәсіподақтармен тікелей байланыста болады. Себебі біз күнделікті өмірде еңбек ұжымындағы жұмысшылардың жағдайын жақсы білеміз. Сондықтан бұл мәселелерді аталған топтың аясында көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді С. Дәулеталин.





Оның айтуынша, депутаттық топқа әр партияның немесе Мәжілістегі комитеттердің мүшелері кіре алады. Аталған топтың негізгі мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы заңнаманы және оған қатысты экономикалық әрі қоғамдық қатынастарды жетілдіру.

«Жалпы, Кәсіподақтар федерациясы ретінде партиялық фракциялармен келісімге отыру туралы ұсыныс жасамақпыз. Осы орайда өзара ынтымақтастықта жұмыс істеу маңызды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.





Айта кетейік, Кәсіподақтар федерациясындағы кездесуге Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров, Берік Бекжанов, Екатерина Смышляева, Мейрамбек Төлепберген қатысты.





Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Қоғам, Парламент, Заң,
Жоғары қарай