Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 432.47
RUB 6.12
CNY 55.78

ҚР СІМ БАҚ өкілдерін ақпараттарды бұрмаламай, барынша нақты таратуға шақырды

2019 жылдың 30 наурыз 2019 19:07 1127

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін ақпараттарды бұрмаламай, нақты беруге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік мәліметтеріне қарағанда, бұған бүгінгі таңда қалыптасқан жағдай себеп болып отыр.

Нақтырақ айтқанда, қазіргі таңда кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Қазақстан мен Қытайдың сыртқы істер ведомстволары басшыларының қорытындыларын бұрмалап беру жағдайлары байқалып отыр.

Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі қалыптасқан жағдайға түсінік беру қажет деген шешімге келген.  

Біріншіден, Қазақстан терроризм, экстремизм және сепаратизм сияқты зұлымдықтармен күресте қашанда Қытайды қолдап келді. Бұл туралы екіжақты құжаттарда нақты айтылды. Бұл мәселе сонымен қатар Қазақстан мен Қытайдың 2018 жылдың 1 маусымындағы бірлескен Мәлімдемесінде де көрініс тапты. Бұл туралы Бейбіт Атамқұловтың ресми сапары барысында өткен Қазақстан-Қытай келіссөздері барысында да сөз болды. Осы мәселе турасында Қытайдың Сыртқы істер министрі де мәлімдеме жасады.   

Екіншіден, Қытай аумағында тұратын этникалық қазақтарға келетін болсақ, Қазақстан оларды екіжақты достық қатынастардың маңызды факторы ретінде қарастырады. Қазақстан мен Қытай тарапының бұл мәселеге келгендегі көзқарасы да бір. Бейжіңде болған кездесуде қалыптасқан мәселелерді екі тарап та шешуге ұмтылатыны айтылды. Бұл мәселе екі елдің сыртқы істер ведомстволарының жұмыс бабында қозғалып отырады. Сондай-ақ консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы мәселе қойылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғаса береді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдерін ақпараттарды әр жерінен жұлмаламай, мағынасын бұрмаламай, нақты беруге шақырады. Бұл әсіресе қалың көпшіліктің ерекше назарында тұрған мәселелерге қатысты.      

Қазақстан мен Қытай екі елдің халықтары арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайта береді.    

 

 

 

Жоғары қарай