Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Жоғарғы соты күдіктіні қылмыскер ретінде көрсетпеуді сұрады

2020 жылдың 23 қазан 2020 18:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдары ұсталған адамды бірден қылмыскер етіп көрсетеді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Белгілі бір шенеунікті не адамды ұстаған кезде іс сотқа келмей тұрып, құқық қорғау органдарымыз брифинг өткізіп, күдіктіні халыққа бірден қылмыскер секілді көрсетеді. Алайда, сот процесі барысында ол адамның ешқандай қылмыс жасамағаны анықталады. Сол кезде қоғам «ол адамды неге босатып жіберді?« деп шу көтереді. Егер оның қылмысы дәлелденбесе, қалай соттаймыз? Міне, осындай фактілерді алдағы уақытта құқық қорғау органдары бірден жария қылмауы керек. Адамға қылмыскер, жемқор айыбын тақпас бұрын ақ-қарасын ажыратып, дәлелдері болған кезде ғана прокуратураның рұқсатымен жариялау тиіс», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, ҚР Президенті жанынан сот-құқық реформалары жөнінде 2 комиссия құрылған.

«Осы комиссияның жұмыс тобы қандай шаралар қабылдау керектігін әзірлейді. Дайын болғанда сіздерге қосымша жариялаймыз», - деді Айдос Сәдуақасов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР судьяларының VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігінің жалғасуы күрделі проблема болып отырғандығын айтқан еді.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Сот, ҚР Жоғарғы соты,
Жоғары қарай