Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Криминалистер қылмыскерлерді іздеуде ДНҚ үлгілері бойынша олардың сыртқы келбетін айқындайды

2021 жылдың 13 маусым 2021 16:19

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы ҚР БҒМ ҒК Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба аясындағы ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын жаңалықтар криминалистика ғылымының дамуына үлес қоспақ. Академия базасында сыртқы келбеттің генетикалық негіздерін зерделеуге бағытталған ғылыми зерттеу жүргізілуде, соның арқасында болашақ криминалистер қылмыскердің ДНҚ үлгілері бойынша анағұрлым дәлірек сыртқы бейнесін жасай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылдың 13-28 мамыр аралығында Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясы мен ҚР БҒМ ҒК Ұлттық биотехнология орталығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес ҚР БҒМ «Тері, шаш және көздің нұрлы қабығы түсінің генетикалық өзгермелілігін зерттеу» гранттық жобасы бойынша бірқатар ғылыми іс-шаралар өткізілді.

Жобаның негізгі идеясы Қазақстанда генетикалық негіздерді зерделеу үшін алғышарттар жасау, ДНҚ-ны пайдалана отырып, адамның сыртқы келбетін бейнелеу болып табылады. ДНҚ-фенотиптеу белгісіз қылмыскердің келбетін оның гендері арқылы бейнелеуге мүмкіндік береді.




Жобаның нәтижелері генетикалық зерттеулер туралы ғылымның дамуына үлес қосуға, Қазақстанның сот ісін жүргізуде және криминалистикада пайдалануға жол ашады.

Бүгінгі күні зерттеушілермен бірқатар ғылыми іс-шаралар өткізілді: веноздық қан алу, суретке түсіру және нақты уақытта адамдарды 3D сканерлеу. Академия курсанттары мен қызметкерлерінің ғылыми іс-шараларға қатысуы ерікті негізде жүзеге асырылады.










Әлемдік тәжірибе генетикалық зерттеулерді қолданудың қылмыстарды уақтылы ашуда және тергеуде үлкен практикалық пайдасы бар екенін көрсетеді.

Қарағанды академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменов және Қарағанды академиясының ҒЗИ ғылыми қызметкері доктор (PhD) Мақсат Жабағин біздің тілшімізге зерттеу туралы толығырақ айтып берді.


- Ақынқали Дәуітбайұлы, криминалистика саласындағы осы зерттеудің артықшылығы неде? Осы ғылыми жаңалықтан не күтесіздер?

- Біріншіден, ІІМ жүйесінде алғаш рет Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевтың қолдауымен ҚР БҒМ ҒК Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірлескен зерттеулер жүргізілуде. Біздің академияның қызметкері Мақсат Жабағин осы зерттеуді жүргізу туралы ұсыныспен шығып, жоба білім министрлігінде қолдау тапты және оны өткізуге грант бөлінді.

Бұрын-соңды екі министрлік бірлесіп мұндай зерттеу жүргізген емес. Бүгінгі таңда генетикалық зерттеулердің рөлін халықаралық ғылыми қауымдастық мойындайды. ДНҚ талдауы 99,9% сенімді нәтиже беретіндіктен, бұл қылмыскер ұсталған және жасалған қылмыспен байланыс орнату қажет болған жағдайда, бірақ біздің ДНҚ зерттеуіміздің арқасында талдау дамудың, оны қылмыстарды ашу және тергеу кезінде қолданудың мүлдем жаңа деңгейіне көтеріледі. Біздің зерттеуіміз арқылы болашақта қылмыс жасалған жерден алынған биологиялық материалдар бойынша біз қылмыскердің шартты фотосуретін жасай аламыз, яғни оның көзінің түсін, шашының түсін, ұлттық ерекшелігін анықтай аламыз. Бұл бағытты Еуропа елдерінде, Америкада қолданудың халықаралық тәжірибесі бар. Алайда, бұл жүйені біздің республикада тұратын популяцияға ыңғайластырып тексеру қажет. Міне, қазір біз осындай деңгейге шығып отырмыз және бұл Қазақстанда алғаш рет болып отыр.

- Неліктен ҚР БҒМ зерттеу жүргізу үшін Қарағандыны таңдады?

- Осыған дейін айтқанымдай, Академия ҒЗИ қызметкері гранттық жоба аясында зерттеу жүргізу туралы ұсыныспен шықты. Біздің Академияның базасында ғылыми-зерттеу институтының құрылымында ІІО-ның қызметін криминалистикалық қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу жөніндегі орталық бар, оның міндеттеріне ІІО-ның криминалистикалық қызметін жақсартуға, оның ішінде заттай дәлелдемелермен жұмыс істеуге бағытталған зерттеулер жүргізу жатады. Бұдан басқа біздің ЖОО жұмысының бейіні тергеушілер мен криминалист мамандарды даярлауға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған. Осыдан 2 жыл бұрын министр қызметтердің бейіні бойынша мамандар даярлау туралы шешім қабылдады. ІІМ жүйесінде 5 оқу орны бар және әрбір ЖОО мамандануына сәйкес белгілі бір дайындыққа бағдарланған. Біздің ЖОО «сотқа дейінгі тергеу» және «жедел-криминалистикалық бағыт» мамандандырулары бойынша мамандар дайындайды, яғни тергеушілерді даярлауды жүзеге асырады, сонымен қатар криминалист-мамандарды даярлау жүргізіледі. Біздің жоғары оқу орнымыздың 50 жылдық тарихы бар және Біз Достастық елдері арасындағы жетекші ведомстволық жоғары оқу орындарының бірі болып саналамыз. Профессор-оқытушылар құрамының материалдық-техникалық базасы, ғылыми әлеуеті бізге бүгінгі таңда басым міндеттерді жүзеге асыруға және заманауи болмыстарға сәйкес жаңа форматтағы жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

- Криминалистика саласында қандай проблемалар бар? Бұл жобаны бастауға не түрткі болды?

- Бүгінгі таңда геномдық зерттеулердің өзектілігі ҚР Президентінің Жолдауында атап өьілген және

»Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы« Заңмен және халықаралық тәжірибемен айқындалған. Қылмыстарды ашудағы генетикалық зерттеулердің рөлі артып келеді. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе бізге ДНҚ профильдерін қолданудың қылмыстарды уақтылы ашуда және тергеуде үлкен тәжірибелік пайдасы бар екенін көрсетеді. Біздің Республикада тіркелген танылмаған мәйіттердің жалпы саны 2021 жылғы мамырдағы ҚСжАЕК мәліметтері бойынша - 1452. Осы бағытта генетикалық зерттеулерді тану немесе генетикалық туыстықты анықтау үшін пайдалану қажет.

Қазіргі кезеңде генетикалық зерттеулер жүргізуде ДНҚ-ны талдаудың қазіргі заманғы бағыттарын пайдалану, заттай дәлел ретінде биологиялық материалды жинау қағидалары туралы білім болуы қажет.

- Ал енді ғылыми қызметкер мен жоба жетекшісі Мақсат Жабағинге сұрақ. Бұл идея қалай пайда болды? ДНҚ туралы ғылым несімен қызықты? Ол сот-медицинаны қалай дамыта алады?

- Мен криминалист емеспін, сот-криминалистік зертханада жұмыс істемеймін. Мен ғылыми саладағы адаммын, сондықтан менің міндеттерімнің бірі – халықаралық ғылыми тәжірибені зерттеу. Мен адамның популяциялық генетикасын зерттеп, зерделеймін. ДНҚ мен фенотиптердің байланысын зерттеудің халықаралық тәжірибесіне назар аудардым. Фенотип – бұл адам келбетінің сипаттамасы. Яғни, көздің түсі, жынысы, жасы, ата-бабаларының популяциясы қандай болғанын анықтайтын сала. Генотип – бұл ДНҚ-да табылған адам туралы тұқым қуалайтын шифрланған генетикалық ақпарат. Мысалы, кейбір нұсқалар адамның көздері қоңыр, ал басқаларында жасыл болатынына жауап береді.




Шетелдік әріптестер ДНҚ-ны зерттеп, адамның сыртқы түрінің кейбір сипаттамалары шифрланған гендерді және бұл ақпаратты сот-медициналық тәжірибеде қалай қолдануға болатындығын сипаттады. Біз өз зерттеуімізде еріктілердің ДНҚ биологиялық материалын қолданғымыз келеді, ол арқылы біз генотип-фенотип байланысының заңдылығын зерттейміз. Оның нәтижесінде адамның сыртқы келбетін бейнелеуге мүмкіндік туады.

- Егер мұндай зерттеулер шет елдерде жүргізілген болса, оларды Қазақстанда қайталаудың қажеттілігі неде?

- Себебі, шетелде олардың популяциялары үшін, биоматериал бойынша адамның сыртқы келбетін құрастыруға мүмкіндік беретін жүйе әзірленді. Біз іске асырып жатқан жоба бұл жүйені тек қазақстандық халықпен бірге растауға, сондай-ақ оны жетілдіруге бағытталған. Бұл зерттеуге біз еліміздің әртүрлі аймақтарынан еріктілерді жинап, әртүрлі облыстардың тұрғындарына тән белгілерді анықтау және олардың генофондын жинау үшін жұмылдырдық. Тереңірек зерттеу үшін біз сауалнамада олардың ата-бабаларының тұрғылықты жерін, аралас ұлттан немесе бір ұлттан ғана екенін және т.б. анықтаймыз. Осы ақпараттың барлығы бізге талдауға және егжей-тегжейлі қорытынды жасауға көбірек мүмкіндік береді.





- Аталмыш зерттеуге қанша ерікті тартуды жоспарлап отырсыздар? Және бұл қалай жүзеге асырылады?

- Зерттеу үшін біз 1000 еріктіні тартқымыз келеді. Мен бұрын айтқанымдай, біз әртүрлі аймақтардың тұрғындарын зерттеуге тырысамыз. Зерттеу үшін олар өздерінің шығу тегі туралы сауалнаманы толтырып, көптеген сұрақтарға жауап беруі керек. Зерттеу ережелері бойынша сауалнама жасырын түрде толтырылады. Осыдан кейін еріктілер қан тапсырып, суретке түседі. Бұл адамның нақты сыртқы деректерімен салыстыру үшін жасалады.


- Бұл жоба қанша жылға есептелген? Зерттеуді қанша уақыт өткізесіздер?

- Жоба 3 жылға есептелген. Бірінші жылды біз еріктілермен жұмыс істеп, ақпарат пен материалдар жинауға арнаймыз. Екінші жылы ДНҚ-ны толығымен бөліп, оны талдауды жоспарлап отырмыз. Үшінші жылы қорытынды жасаймыз. Бұған дейін мұндай зерттеулер Қазақстанның криминалистикасында жүргізілмеген.

Жоба генетикалық зерттеулер, сот өндірісі және криминалистика туралы ғылымның дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. ДНҚ-бейіндерін пайдалану қылмыстарды тергеуде, атап айтқанда жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы істерді ашуда, кісі өлтіруде, қылмыскерлерді, жоғалған адамдарды іздестіруде және танылмаған мәйіттердің жеке басын анықтауда айтарлықтай пайда әкеледі - деп қорытындылады өз сұхбатын Қарағанды академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменов.


Жоғары қарай