Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Құлсары стансасынан пойызға адам отырғызуға және түсіруге тыйым салынды

2020 жылдың 2 шілде 2020 14:43

ҚҰЛСАРЫ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Құлсары стансасында жолаушыларды пойызға отырғызуға және түсіруге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылыой ауданы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің шешіміне сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 2 шілде сағат 07-00-ден 15 шілдеге дейін Құлсары стансасында пойызға билет сатуға, отырғызып, түсіруге уақытша тыйым салынған.

Атап айтқанда, шектеу шаралары мына пойыздарда қолданылады:

- № 37/38 «Маңғыстау-Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол»;

- № 309/310 «Маңғыстау-Ақтөбе»;

- № 313/314 «Атырау-Маңғыстау»;

- №77/ 78 және № 313/314 жолаушылар пойызының құрамында қатынайтын «Алматы-2-Құлсары» тікелей қатынайтын вагондары.

Құлсары стансасынан пойызға отырғызу және түсіру жолаушыларда дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы немесе медициналық мекеменің шақыру хаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Бұдан бұрын Құлсары стансасына дейін немесе сол стансадан билет алған жолаушылар жол жүру құжатын қайтарып, жүрілмеген жол айырмашылығын немесе билет құнын толық қайтарып ала алады.

«Коронавирус пандемиясына байланысты ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өзімен бірге жеке қорғаныш құралдарын алып жүруін сұрайды» делінген хабарламада.


Басты сөздер: Оқиға, Атырау облысы, ҚТЖ,
Жоғары қарай