Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.96
EUR 432.21
RUB 6.09
CNY 54.99

Күрес түрлерінен ӘЧ: Бүгін үш балуанымыз ширек финалға жетпей сүрінді

2019 жылдың 15 қыркүйек 2019 16:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Күрес түрлерінен елордада өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күні белдесуге шыққан үш балуанымыз да ширек финалға шықпай сүрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін хабарлағанымыздай 67 келіде белдескен Мейріжан Шермаханбет алғашқы айналымда америкалық Эллис Коулманнан айласын асыра алған жоқ. Ол қарсыласына 2:10 есебімен жол берді. Біріншілік басталмай тұрып, бапкерлер осы Мейіржаннан медаль күтетіні туралы айтқан болатын. Енді ол америкалық Эллис Коулман финалға шықса ғана жұбаныш белдесуіне қатысып, қола медальға таласу мүмкіндігі бар.

87 келіде сынға түскен Азамат Күстібаев бірінші белдесуін жеңіспен бастаған еді. Екінші белдесуінде де франциялық Халис Гильманды 7:1 есебімен ұтып, жанкүйерлерін бір желпіндіріп тастады. Алайда, ширек финал жолдамасына таласта Күстібаев кубалық Дэниел Григоричке есе жіберді. Белдесу 1:1 есебімен тең аяқталса да, соңғы ұпайды иеленген Дэниел жарысты ары қарай жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

Ал 97 келіде сынға түскен Ерұлан Ысқақов бірінші белдесуінде әзірбайжандық Орхан Нуриевті 2:1 есебімен жеңгенімен, екінші белдесуінде грузиялық Георгий Мелииден ұтылып қалды.

Айта кетейік, алдағы сағаттарда 55, 63, 72, 82 келі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Онда 55 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан балуанымыз Қорлан Жақанша алтын медаль үшін сынға түседі.



Фото: olympic.kz


Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай