Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қырымбек Көшербаев отбасы құндылықтарына негізделген пән енгізуді ұсынды

2020 жылдың 4 қыркүйек 2020 13:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрлігі орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу керек. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда жұртшылықпен жұмыла талқылауды қажет ететін тағы бір көкейкесті рухани тақырып – отбасы мәселесі. Жалпы, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасыдағы ұрпақ тәрбиесінің мәні зор. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу бойынша ұсыныстар енгізетін кезі келді деп ойлаймыз. Сонымен бірге, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен көпбалалы аналардан құралған ата-аналар ұйымын құрып, министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие берудің жалпыхалықтық әдістемесін әзірлеу қажет деген ойдамыз», - деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев зиялы қауым өкілдерінен тың ой пікір, ұсыныстары болса ортаға салуын өтінді.

«Ендігі жерде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тың тынысы ашылады деуге әбден болады. Жаһандық дағдарысты жеңіл еңсеру үшін халықтың санасын, өмір-салты мен ұстанымдарын трансформациялауымыз керек. Бұл тұрғыда бағдарламаның жаңа жобалары қажет. Осы тұста баршаңызды, яғни, зиялы қауымды, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерін ортақ пікірлесуге, жаңа жобаларды бірлесе жасауға шақырамыз. Ұсыныстарды мәселенің маңыздылығына қарай, Мемлекеттік хатшының атына тікелей жіберулеріңізді сұраймын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде дүниежүзілік пандемия тұсында және одан кейінгі кезеңде халықтың бойына жаңа құндылықтар қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізіңіздер. Қажет болған жағдайда зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен жаңа жобалар бойынша қажетті кеңестер өткізіп, ой-пікірлерін жинақтап отырамыз», - деді ол.

Айта кетейік, 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.


Жоғары қарай