Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қырымбек Көшербаев жоғары мемлекеттік наградаларды табыс етті

2021 жылдың 13 желтоқсан 2021 19:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Ақордада бір топ белгілі білім-ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет қайраткерлеріне, өндірістік сала қызметкерлеріне еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларын, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттарына дипломдар мен төс белгілерді салтанатты жағдайда табыстады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздік елімізді әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқанын атап өтті.

– Туған халқының сенімін арқалаған Елбасы мен Қазақстан егіз ұғымға айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты болжап, келешекті көре білген көреген саясатының арқасында Тәуелсіздікпен бірге қоғамның тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның туын тіктеп, шекарасын шегендеп, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасы қалыптастырған даңғыл жолды «Сабақтастық, Әділет, Өрлеу» принциптерімен лайықты жалғастырып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, біз қысқа мерзімде ғасырға пара-пар жасампаздық жолына түсе білдік, – деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев осы отыз жылда Қазақстанның жаңа келбеті қалыптасқанын, мемлекетіміз жаңғырып, халқымыздың қайта түлегенін айтты. Тағдыры ортақ, тұтастығы мықты көпұлтты халқымыздың татулығын сақтау бүгінгі күннің басты мақсаты екеніне тоқталды.

– Ұлысымыз үшін ұлық, мемлекетіміз үшін мәртебелі мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген Сіздердей азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – Сіздердің жылдар бойы атқарған тынымсыз еңбектеріңізге берілген зор баға, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы марапат иелеріне жоғары мемлекеттік наградалары мен сыйлықтарын табыстап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.


Жоғары қарай