Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қытай Қазақстанға стратегиялық әріптес ретінде қарайды - Берік Уәли

2019 жылдың 13 қыркүйек 2019 17:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай Қазақстанға стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Қытай жоғары технология өнімдерін өндіру бойынша жаһандық деңгейде көшбасшы саналады. Оны мойындауымыз керек. Кешегі сапары барысында оған өзіміз де көз жеткіздік. Оның үстіне әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел саналады. Осындай әлеуеті мықты көршімен араласпай, шекараны жауып отыру мүмкін де емес. Мұны барлығыңыз жақсы білесіздер. Сол себепті мынаны түсінуіміз керек деп ойлаймын, Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын жүргізіп, таңып, қандай да бір басқаша құйтырқы ойын жасап отырған жоқ», - деді ол.

ҚР Президенті баспасөз хатшысының айтуынша, қайта біз олардың жаңа технологияларын күнделікті өмірде пайдалануға, инновациялық жаңалықтарын өндіріс орындарына енгізуге мүдделіміз.

«Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономикаға көшу тапсырмасына сәйкес қытай тәжірибесіне сүйену де маңызды міндет деп есептейміз. Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан да көз алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты - сауда жасау. Сауда арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бұл - олардың басты мұраты, мақсаты», - деді Берік Уәли.

Жоғары қарай