Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қытайда жабайы жануарларды жеуге қатаң тыйым салынды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 22 ақпан 2020 11:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұланбатырда Нұр-Сұлтан қаласы атында көше ашылады – KAZNEWS





Ұланбатыр қаласының мэрі С.Амарсайхан Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаевпен кездесті, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

ҚР Елшісі Жалғас Әділбаев өзін қабылдаған астана әкіміне алғысын білдіре келе, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін айтқан.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Ұланбатырда Нұр-Сұлтан қаласының атындағы көше ашу жұмыстары жүріп жатқанына алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ұланбатыр қаласымен туризм бағыттары бойынша нақты байланыс жасау ниеті бар некенін айтқан.

Ал қала мэрі Қазақстанның қала құрылымы, жасампаз жұмыстары, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты қатарлы мәселелерге қызығушылық танытып отырғанын, бұл мәселелер жөнінде өзара тәжірибе алмасу ниеті барын мәлімдеген.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы қараша айында Ұланбатыр қаласының бас менеджері Т.Гантөмөр Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен барған еді. Сонда Ұланбатырда Нұр-Сұлтан қаласы атындағы көше ашу туралы сөз болған. Алдағы көктемде Ұланбатыр қаласының «Бага тойруу» маңынан Нұр-Сұлтан қаласы атындағы көше ашылатыны туралы айтылып жатыр.

Түркияның ең үлкен кітапханасы пайдалануға берілді - TRT





Селчук, Османлы заманынан шабыт алып салынған жаңа кітапхана ғимараты 7 күн әрі 24 сағат бойы қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркияның ең үлкен кітапханасы саналған бұл орталық бейсенбі күні ашылады деп жазған түркиялық БАҚ.

Аталған мәдени орталықтың құрылысы 2016 жылы басталған екен. Аумағы 125 мың шаршыметрді құрайтын жаңа кітапхана бір мезетте 5 мың адамға қызмет көрсете алады. Бұл кітапханада 4 миллион баспада басылған кітаптар, 120 миллион электрондық материал және 550 мың электрондық кітап пен сирек кездесетін жазба материалдар бар.

«Сөрелерде 100 түрлі елден 134 тілде басылған кітап пен 120 миллион мақала сақталған. Жаңа кітапханада сонымен бірге жеке коллекциялар, сирек кездесетін қолжазбалар, падиша бұйрықтары, карталар, фотосуреттер, маркалар мен гравюралар да оқырманға ұсынылады» деп жазады TRT.

Кітапхананың ең назар аударатын бөлімдерінің бірі – дауыс және көрініс кітапханасы. Бұл бөлімде 10 мың дана көрініс және дыбыс материалдарынан тұратын коллекция бар. Сондай-ақ, оқырмандар фильм музыкалары мен деректі фильм мұрағатына қол жеткізе алады.

«Кітапханада балалар, жастар және ересектерге арналған жасанды интеллект, кибер қауіпсіздік, кодтау курстары ашылады. Түркияның бұл ең үлкен мәдени, рухани орталығы әрі коллекция болады, әрі қызметі жағынан әлемнің таңдаулы кітапханалары қатарына енетіні айтылды» деп түйіндейді Түркия Радио Телевизия порталы.

Өзбекстанда Жастар парламенті құрылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі





Өзбекстанда Жастар парламенті құрылмақ. Бұл – жастардың заң шығару процесіне араласуын арттырып, олардың икемділігін одан әрі жетілдіру мақсатында жасалмақ, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Атаулы бастама Өзбекстан Республикасы дамуының 2017-2021 жылдарға арналған бес бастамасы аясында көзделіп отыр.

«Жоба жастар парламентін құру және оның құрамын жасақтау тәртібін белгілеу, жастар парламентінің «Олий Мажлис» палаталары комитеттерімен өзара байланысын жолға қоюды қарастырады. Заң жобаларын әзірлеу мен парламенттік бақылауды жүзеге асыру процесіне жастар парламентарийлерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету де көзделеді», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

«ӨзА» ақпараттық агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, жобаның орындалуына жауапты Олий Мажлис палаталары, Заң шығару мәселелері және парламенттік зерттеулер институты болып отыр. Бұл ретте 2020 жылдың 1 наурызына дейінгі іс-шаралар бағдарламасы жасалады.

Шыңжаңда 3 миллионнан астам оқушы онлайн оқи бастады - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)





17 ақпан күні таңертең бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған «онлайн сынып» сабақтары басталады, деп хабарлайды қытайлық kazakcnr.com сайты.

Онлайн режиміндегі сабақ бүкіл Шыңжаң бойынша өткізіле бастады. «Дәл сол күннен бастап Шыңжаң онлайн режимінде оқыту үшін интернеттен басқа да ақпараттық құралдарды қолданады. Шыңжаңдағы бастауыш және орта мектеп оқушылары спутниктік, интернет теледидарын, білім беру желісінің платформасын және телеарналарды қолданды» деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Сонымен бірге барлық бастауыш және орта мектеп оқушыларды жұмыс пен тынығу уақытын саналы түрде ұйымдастыруға, тамақ ішуге және денсаулығын қорғауға міндетті делінген. Сондай-ақ оқушыларға аса қауіпті жұқпалы аурудан сақтану үшін физикалық күштерін нығайтуы, психикалық денсаулықты сақтауы, демалудың аралығын дұрыс ұстауы керек деп ескертілген.

Аталған қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, сол күні бүкіл Шыңжаңдағы онлайн сабақ оқуға 3 миллионнан астам мектеп оқушысы қатыса бастаған.

Айта кету керек, қазіргі уақытта бүкіл ҚХР бойынша коронавирустан сақтану үшін карантин жарияланған.

Өзбекстандық аспаздар 797 келі лағман асып әлемдік рекордты жаңартты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі





Мәскеуде 13-16 ақпан күндері III халықаралық мәдениеттер фестивалі өтіп, онда Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Грузия, Ресей, Татарстан, Әзербайжан және Дағыстаннан келген дәстүрлі өнер шеберлері қатысты. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлаған болатын.

Айтулы шарада Өзбекстандық аспаздар 797 келі салмақта лағман пісіріп әлемдік рекордты жаңартты. Бұның өзі алдағы уақытта ұйымдастырылатын фестивальдің одан сайын қызықты өтетініне ықпал етуі мүмкін. Бұған дейінгі «Интеррекорд» халықаралық рекордтар кітапшасында жазылғанындай, 2015 жыл Алматы қаласында жасалған болатын. Онда аспаздар 687 келі лағман дайындаған екен.





«Фестивальде аспаздардан басқа қолөнершілер Бұхара кілемдерін, Риштан және Гиждуван керамикаларынан жасалған заттар мен зергерлік бұйымдарын, чуст пышақтарын, Марғилан жібектерін және басқа да қолөнер бұйымдарын көрерменге тарту етті» деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.





Жабайы жануарларды жеуге тыйым салынды - «Жэньминь жибао» (People Daily)





Аурудың алдын алу мекемелерімен медициналық мамандардың алғашқы тексеру-зерттеуінің нәтижесіне сәйкес коронавирус ауруының жабайы жануарлардан адамзатқа жұғуы, одан адамдар арасында таралуға себепші болу мүмкіндігі өте зор болып отыр. Бұл туралы kazakh.people.com.cn хабарлады.

«3 ақпан күні Мемлекеттік базар бақылау-басқару бас мекемесі, Экологиялық қоршаған орта министрлігі, Мемлекеттік орман шаруашылығы және жайылым мекемесі секілді 10 министрлік пен комитет (мекеме) жабайы жануарларды заңға қайшы саудалауға тыйым салу үшін арнаулы заң ережесін бірлесіп белгіледі. Індет таралған мезгілде бүкіл ел бойынша ең қатаң басқару-тізгіндеу шаралары атқарылып, жабайы жануарларды саудалауға жаппай тыйым салынды» деп жазады БАҚ.

Осыған сәйкес Қытайдың Жабайы жануарларды қорғау қоғамы арнайы үндеу жариялады.

«Жабайы жануарларды азық ретінде жауді тоқтатайық және оларға еш жақындауға болмайды. Қажет болған жағдайда қауіпсіз аралықты сақтайық. Бұндай тыйым салынған жануарларды заңсыз саудалайтын базарлар және заңға қайшы әрекеттер байқалса, сол жердегі басқарушы немесе заң атқару орындарына дереу хабарлансын» деп мәлімдеген Қытайдың жабайы жануарларды қорғау қоғамы.


Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: Әлем, БАҚ,
Жоғары қарай